Бүгінгі заманның беталысы бізге басқа талап қойып отыр.
Сондықтан бәріміз үшін дипломатиялық қызмет жұмысын жүйелі жүргізіп, жақсарта түсудің маңызы зор. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде осылай деп мәлімдеді. Шекарамызды шегендеп, ішкі-сыртқы саясатты саралауда дипломаттарымыздың еңбегі ерен. Президент Қазақстанның бүгінде шетелдерде 94 елшілігі бар екенін және 169 мемлекетпен қоян-қолтық араласып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ елімізде 50-ден астам елшілік пен дүниежүзілік ұйымдардың өкілдері бар. Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан елордаға жиналған елшілермен Елбасы дипломаттардың алдында тұрған мәселелерді талқылады. Көптеген халықаралық саммитті елімізде өткізуі Қазақстанның беделін арттырып, дүние жүзін мойындатқаны баршаға аян. Ендігі мақсат алға қойылған міндеттерді мінсіз атқару болмақ.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Биыл Қазақстанның тәуелсіздігіне ширек ғасыр толайын деп тұр. Осы жылдар ішінде сіз бен біздер ең алғашқы буын ретінде Қазақстанның тәуелсіздігін орнатуға атсалыстық. Қазақстан деген мемлекет дүние жүзінің картасында жоқ еді. Біз оны дүние жүзінің картасына қойдық. Жаңадан бұрын болмаған министрліктерді құрдық. Сыртқы саясаттың жаңа үрдісін Қазақстанға алып келдік.
Дерексөз: 24.kz