АСТАНА. ҚазАқпарат – Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев өңірде атмосфераға таралатын зиянды заттардың жалпы көлемі төмендегенін айтты.
«Павлодар облысы индустриясы дамыған өндірістік аймақ. Сондықтан біз үшін экологиялық проблемаларды шешу мәселесі басты орында. 2015 жылдың қорытындысы бойынша атмосфераға таралатын зиянды заттардың жалпы көлемі 8 пайызға төмендеді. Қоршаған ортаның жағдайына мониторинг жүргізу бойынша арнайы бағдарлама жүзеге асырылып келеді»,-деп тоқталды облыс әкімі Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, ауаға зиянды заттары таралатын 9 өндірістік кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймақтарында тексеріс жүргізілді.
«Нәтижесінде, ластану көрсеткіші мөлшерлі бақылау деңгейінен асқан үш кәсіпорынға тиісті шаралар қолданылды. Облыстың 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының аясында экологиялық технологиялар жөніндегі құзыреттеліктер орталығы құрылды. Табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру жұмысы үнемі бақылауда. Өткен жылы өндірістік кәсіпорындар осы мақсаттарға 15млрд. теңгеге жуық қаражат бөлді. Бюджеттік қаражаттың есебінен 1,2 млрд. теңге жұмсалған 16 іс-шара атқарылды»,-деді Қ. Бозымбаев.
Дерек көзі: http://inform.kz/kaz/article/2868848