АСТАНА. ҚазАқпарат – ЭКСПО-2017 көрмесінде Боливияның ғылыми және өнеркәсіптік әлеуетін көрсетуге ниеттіміз, деген Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі Боливия ұлттық павильоны комиссары Вальтер Кларемс Эндара Вераның сөздерін келтіреді ресми БАҚ.
«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде Боливияны барша әлемге таныстыруды жоспарлап отырмыз. Біздің еліміз қайда орналасқанын, дәстүрлерімізді, әлеуеттік мүмкіндігімізді барлығы біле бермейді. Әлемге өзіміздің елімізді көрсеткіміз келеді. Бүгінде барша әлем үшін энергия тиімділігі мен баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері өзекті болып отыр. ЭКСПО-2017 – бұл елдеріңіз энергия тиімділігі мен «жасыл» технологиялар саласында қандай жұмыстар атқарғандарыңызды көрсететін алаң»,- деп атап өтті ол.
Ұлттық павильон комиссарының сөзіне қарағанда, Боливия өзінің ғылыми және өнеркәсіптік әлеуетін көрсетуге ниетті.
«Біздің мемлекетіміз өз аймағындағы негізгі энергия өндіруші және жеткізуші болуды көздеп отыр. Павильонның ішкі контенті талқыланып жатыр. Баламалы энергия көздерін жинақтау және ілгерілету үшін орталық орнату біз үшін маңызды»,- деді Вальтер Кларемс Эндара Вера.
Ол атап өткендей, «Астана жаңа энергиялар саласындағы ең үздік жетекші технологиялар мен энергияны тиімді пайдаланудың бағдарламалары жинақталатын орынға айнала алады. Сонымен қатар, энергияның жаңа түрлерін зерттеу мен жетілдіруге арналған алаң да бола алады».