3 жылдан кейін елімізде металды, көлік майы мен батареяларды полигонға көмуге тыйым салынады | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

3 жылдан кейін елімізде металды, көлік майы мен батареяларды полигонға көмуге тыйым салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазіргі кезде қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесі оны жинау, тасымалдау, сұрыптау, өңдеу және көмуден тұрады. Қалдықтарды басқару бағдарламасына сәйкес, алдағы бес жылда Астанада жаңа технологиялар енгізіледі, оның ішінде метан алу мен «жасыл» энергия өндіру. Сонымен қатар, қоқысты қайта өңдеу мен өртеуді ұлғайту мүмкіндіктері қаралуда, деп хабарлайды елорданың ресмисайты.

«Біз алдағы бес жылда пайдаланатын технологияларды белгіледік. Атап айтқанда, полигондағы қоқыстан газ шығару және сағатына 5 МВт дейін «жасыл» энергия өндіру. Ал 2020 жылға дейін қол жеткізуді мақсат етіп отырған басты көрсеткіш – қайта өңдеу тереңдігін 50% дейін ұлғайту болмақ», – деді «Астана қаласында қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны талқылау» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында қалалық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әділбек Сәрсембаев.

2020 жылға дейін елордада қалдықтарды жинаудың қазіргі заманғы әдістерін қолдану үшін контейнерлерді жаңарту және қоқыс таситын машиналар паркін әлдеқайда үнемді және экологиялық тұрғыдан тиімді көліктермен алмастыру жоспарланып отыр.

«Қазақстандық МЖС орталығы» АҚ вице-президенті Айдос Көбетовтың атап өтуінше, әлемдік тәжірибеде қоқысты жартылай өңдеу және өртеу қолданылады, тек 10-15% ғана көміледі.

«Біз ұсынысымызды ҚР Энергетика министрлігіне жолдадық. Бұл жерде экология жағынан мәселелер бар, бірақ қазіргі кездегі технологиялар оның салдарын барынша азайтуға мүмкіндік береді», – дейді Айдос Көбетов.

Шара барысында 2019 жылға қарай елімізде құрамында сынап бар шамды, құралдарды, түсті және қара металлды, өңделген автомобиль майы мен сұйықтықтарды, батареяларды және т.б. полигондарда көмуге тыйым салынатыны белгілі болды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Жан Нұрбеков мәлім етті.

Айта кетейік, қазіргі кезде елордада қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару көлемі тәулігіне 1000 тоннаны құрайды. Елордалық қоқыс өңдеу зауыты тәулігіне 200 тоннаға жуық қоқыс қабылдайды, өткен жылы жалпы 73 мың тонна қоқыс жиналды. Оның 93% полигонда көміледі. 2015 жылы бұл көрсеткіш 360 мың тоннаға жуық болды.

Источник:www.inform.kz

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика