Ақтау тұрғыны тереңдікте бұрғылап жұмыс істейтін әмбебап қондырғы ойлап тапты | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Ақтау тұрғыны тереңдікте бұрғылап жұмыс істейтін әмбебап қондырғы ойлап тапты

Дереккөз: www.24.kz

fe3dbd7fe05302cf01e0f54628b03380_L

Ақтау қаласының тұрғыны Әбілхас Бесімбаев тереңдікте бұрғылап жұмыс істейтін әмбебап қондырғы ойлап тапты.

Өнертапқыш құрастырып шығарған техника күн және желдің күшімен жұмыс істейді. Оның айтуынша, бұл үнемді, экологияға еш зиянсыз, «Жасыл экономика» стандарттарына сай, сенімді құрал. Авторлық туынды патенттелген. Қазір тексеру, сынау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келешекте EXPO-2017 көрмесінде таныстырылады. Мұнай өндіруге арналған станок қазір сынақтан өткізіліп жатыр. Қондырғы айтарлықтай нәтиже көрсетуде. Өнертапқыш Әбілхас Бесімбаев бұрын мұнайшы болып жұмыс істеген. Ол бұл жобаға 30 жыл уақытын сарп етіпті. Көпшілік қойшы отбасынан шыққан жігіттің жоспарының жүзеге асатынына күмәнмен қараған. Оның идеясын Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік қолдап, 5 миллион теңге көлемінде грант бөлген. Тың туынды күн және желдің қуатымен жұмыс істейді. Бұл электр энергиясын 90%-ға үнемдеп, өнімділікті 30%-ға еселеуге мүмкіндік береді.

Әбілхас Бесімбаев, өнертапқыш:

– Мұнда екі негізгі технология қолданылады. Бірінші дөңгелек бұранда пайдаланылады. Ол сенімді әрі өте төзімді. 10 жыл көлемінде шыдас береді. Оған тежегіш жүйесінің де керегі жоқ. 20 тоннадан астам жүкті ұстап тұра алады. Екіншісі қарапайым түрлендіруші. Бұл мұнай өндіру ісіндегі технологиялық үдерісті басқарудың ең үнемді, әрі ыңғайлы жүйесі.

Қондырғының салмағы да жеңіл. Бар болғаны 3 тоннадай болады. Бұл қазіргі қолданыстағы станоктардан 4 есе кіші. Оның үстіне өзіндік құны шетелдік мамандар ұсынып отырған гидравликалық аппараттардан әлде қайда төмен. Өнертапқыштың ойындағысын жергілікті зауыттың қызметкерлері жүзеге асыруға қол ұшын берген.

Жақында қондырғының жұмысын іс жүзінде байқап көрмек. Ол үшін «Қаражанбас» кен орнынан бір ұңғыма бөлінген. Өнертапқыш жаңа қондырғының тиімділігіне және сынақтан сүрінбей өтетініне сенімді. Ал EXPO-2017 көрмесінде шетелдік инвесторларды таңқалдырамыз деп отыр. Қазірдің өзінде ресейлік мұнайшылар жобаға қызығушылық танытуда.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тамара Степанова, Саламат Бекбаев

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика