Дереккөз: www.24.kz
Ақтауда сумен қамту мәселесі «жасыл» технология арқылы шешімін тауып отыр. Қаладағы 3 үйге су жинақтаушы жаңа жүйемен жұмыс істейтін қондырғы орнатылды. Сол себепті 7-9-шы қабаттардағы пәтерлерге су көтерілмеу мәселесі туындамайды. Тұрғындар тіршілік нәрін үздіксіз, тәулік бойы тұтына алады.
Екі баланың анасы Наталья Румянцева су жетіспеушілігінен әбден ығыр болған. Әсіресе жаз мезгілінде құбыр бойымен судың көтерілуі қиын. Амал жоқтықтан үй шаруасының барлығын түнге қалдыратынын айтады.
Наталья Румянцева, қала тұрғыны:
– Көктемде су жинақтаушы жүйені орнатып едік, бірден су қысымы көбейгенін байқадық. Оның алдында суды тасып іштік. Кір-қоңымызды жуу үшін күннің батуын күтіп отыратынбыз. Кір жуғыш машинаны да уақытпен ғана пайдаланатынбыз.
Жаңа жүйенің тиімділігіне тұрғындар жоғары баға беріп отыр. Қондырғының жұмысы қарапайым қағидаға негізделген. Су 7 көлемді құтыға толтырылады. 3 су айдағыш құрылғы көмегімен пәтерлерге жіберілген судың қысымы төмендемейді. Басты орталық су құбыры істен шығып немесе ажыратылғанымен, мұндағы тұрғындар абыржи қоймайды. Өйткені құтыда 150 адамды тәулік бойы сумен қамтуға жетерлік қор жиналады.
Жеңісбек Куванов, «Татьяна» ПИК басқарма төрағасы:
– Бұл қондырғының артықшылығы: біз онлайн режимде су құбырының тесілуін бақылай аламыз. Бұған дейін біз сумен қамтудың түрлі шараларын қолданып көргенбіз. Нәтижесінде тұрғындарды тұрақты ауызсумен жабдықтауға қол жеткізіп отырмыз.
Нұрсұлтан Әубәкіров, «Энерготиімділік, ресурсүнемділік, экотехнология халықаралық орталығы» ҚҰ басқарма төрағасы:
– «Жасыл» технологияда қуат үнемдеуші жаңа қондырғылар қолданылады. Мәселен, мына көлемді құтылар суды сақтап, жинақтап, ішкі желілерге шамадан тыс түсетін жүктемелерді жеңілдетеді. Осындай жобалар арқылы тұрғындарды сумен қамту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі.
Әзірге бағдарламаға 3 көпқабатты тұрғын үй қатысуда. Алдағы уақытта ықшамауданның барлық пәтерлеріне үздіксіз су жеткізілмек.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Тамара Степанова, Ренат Дусалиев