Халықаралық «ЭКСПО» көрмесіне дейін елімізде электромобильдерді қуаттандыруға арналған 100 станса салынады. Оның қырығы Астанада, тағы қырығы Алматы қаласында орналасады. Ал жиырма станса екі шаһарды жалғап тұрған тасжолдың бойына тұрғызылады. Бұл туралы Алматы әкімдігі мен еліміздегі электромобиль шығаратын компанияның өзара меморандумды бекіту барысында белгілі болды. Құжатқа қол қойған соң қала басшысы Бауыржан Байбек отандық электромобильді сынап көрді. Темір тұлпардың дыбыссыз әрі жылдам жүретінін байқаған ол болашақта қалалық әкімдіктің осындай көліктерді алуы мүмкін екенін атап өтті. Бауыржан Байбек, қала әкімі: – Дизайны әдемі, жайлы машина екен. Экологиялық жағынан таза. Менің пікірімше, джиптердің дәурені бірте-бірте өтіп барады. Адамдар ақшаларын үнемдей бастады. Жалпы көлік сән емес, қозғалыс құралы болуы тиіс.