Дереккөз: www.24.kz
Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы ЕХРО-2017 көрмесіне келетін қонақтарды қабылдауға дайын. Тамылжыған табиғаты бар таулы өлкеде қазірдің өзінде 24 демалыс орны жұмыс істеп тұр. Биыл тағы 4 қонақ үйдің құрылысы басталған. Жолдар жөнделіп, көшелер абаттандырылды. Қонақтарға кәдесый жасап беретін цех іске қосылған. Кәсіпкер Сергей Валиахметов басқаратын бұл демалыс орны жақында ғана ашылған. Бір мезгілде 70 адамға қызмет көрсете алады. Мұндағы үйлердің барлығы жергілікті жердің ағашынан салынған. «Сондықтан болар, шетелдік туристер тарапынан сұраныс жоғары», – дейді ол. Сергей Валиахметов, кәсіпкер: – Ағаштан жасалған үйлер табиғатқа жарасып тұрады. Келген кісілер жақсы демалып кетеді, ауасы жақсы деп. Рақметтерін айтып кетеді. Қазір Қарқаралыда дәл осындай 24 демалыс орны жұмыс істеп тұр. Биыл тағы төртеуінің құрылысы басталған. Бұл мақсатқа кәсіпкерлер 3 млрд теңге инвестиция құйыпты. Осылайша тарихы бай, табиғаты көркем Қарқаралы өңірі бір мезгілде 3 мың қонақты қабылдамақ. 11 туристік маршрут бекітілген. Ал қыста келетіндер үшін екі шаңғы базасы мен мұз айдыны бар. Жақында ашылған шипажайда тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істейді. Халел Мақсұтов, Қарқаралы ауданының әкімі: – Еліміз үшін үлкен бір оқиғалы жыл – ЕХРО-2017 көрмесі. Бұған 5 млн-дай халық келеді деп жатыр. Үш мың адамды бір күнде қабылдауға Қарқаралының басындағы демалыс орындары мен қонақ үйлері дайын. Қарқаралыда көрсететін, насихаттайтын жерлер өте көп, сондықтан қонақтарды қабылдауға біз дайынбыз. Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жалпы жер аумағы 120 мың гектардан асса, соның 26%-ы туризм кластерін дамыту бағытында игеріліп отыр. Биыл осы саладан аудандық бюджетке түскен салық мөлшері 600 млн теңгеге жеткен. Бұған қоса туризмнің арқасында кәсіпкерлік сала дамып, 100-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Жергілікті мамандардың айтуынша, тек биылдың өзінде Қарқаралы өңіріне 100 мың турист келіп кетіпті. Келер жылы одан да көп болуы мүмкін деген болжам бар. Ал оларға естелікке кәдесый алу үшін қалада ағаш цехы ашылды.