Алматылық төтенше жағдай қызметі мен өрт сөндірушілер жаз маусымына дайындықты пысықтады | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Алматылық төтенше жағдай қызметі мен өрт сөндірушілер жаз маусымына дайындықты пысықтады

Дереккөз: www.24.kz

2438a371219a1f4ac27f9f11e1ca424e_l

Өрт қауіпсіздігі ережелерін ескермей, отты жағу талаптарына салғырт қараған азаматтар заң алдында жауап береді.

Биыл Алматыда тұрғындардың салғырттығынан қала мен қала аумағында 77 өрт шығу дерегі тіркелген. Сондықтан төтенше жағдай қызметі мен өрт сөндірушілер кезекті жаз маусымына дайындалып жатыр. Осындай мақсатта Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі аумағында «Алау-2017» оқу-жаттығу шарасы өтті.

Тау бөктерінде өрт шыққан жер әуеден бақылау арқылы анықталды. Бұл хабарды ести сала өрт сөндіру қызметі оқиға орнына дереу жетті. Шапшаң іс-қимылдың арқасында тілсіз жау тез өшірілді. Ал тұтанған шоқты жел ұшырып, кебу бұтақтар мен қурайларға тисе, жалын біраз аумақты шарпитын еді. Адам аяғы жетпейтін биіктегі отты өшіруге тек ұшақтың көмегі қажет.

Өрт сөндіру ісінде тікұшақтарды пайдаланудың маңызы зор. Екі жыл бұрын табиғи ұлттық паркте өрт шығып, ол тікұшақ көмегімен анықталған және дер кезінде өшірілген болатын.

Жалпы, бұл оқу-жаттығуға төтенше жағдай, өрт сөндіру, құтқару, медициналық көмек көрсету мекемелері мен коммуналдық қызметтен барлығы 120 адам қатысып, 20 арнайы техника тартылды. Жазда өрт шығу қаупі артады. Өйткені қала тұрғындары қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейді.

Айдос Нүсіпбаев, қалалық ТЖД Өрт қауіпсіздігі басқармасы басшысының орынбасары:

– Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көлемінде, ал заңды тұлғаларға 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал өрт салдарынан материалдық шығын немесе адам өлімі болса, ҚР Қылмыс кодексінің 292-бабына сәйкес жеке тұлға 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Табиғат саясында демалатындар алдымен өрт қауіпсіздігі ережелерін қаперде ұстап, санитарлық тазалықты да естен шығармауы керек.

Әрине, таудың саф ауасымен тыныстап, саясында демалғанға не жетсін.Бірақ демалысыңыз табиғатқа еш зиян келтірмеуі керек. Жыл сайын бір ғана өшірілмеген темекі тұқылынан бәленбай шаршы метр жер өртеніп, орманға орасан зор нұқсан келеді. Сондықтан шоғы өшірілмеген ошақты дер кезінде өшіру арқылы өрттің алдын алуға болады.

Авторлары: Алмас Саудақас, Сержан Жұмабаев

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика