Ақтөбелік диқандарға субсидия төленіп жатыр | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Ақтөбелік диқандарға субсидия төленіп жатыр

Дереккөз: www.24.kz

88469983fbc004806cdf0e6cf3ce3c59_l

Ақтөбелік диқандарға субсидия төлеу басталды.

Минералды тыңайтқыштарға, тұқым мен гербицидтерді субсидиялауға 1 млрд 200 млн теңге бөлінген. Биыл 642 мың гектар жерге дәнді-дақылдар егілсе, оның 382 гектары – бидай. Бұл өткен жылғыдан 13 пайызға артық. Ауыл шаруашылығы мамандары қазір алқаптарды аралап, егіннің жай-күйін қарап жүр.

Владимир Евстратовтың шаруашылығы биыл егіс алқабын ұлғайтқан. Бидайдан бөлек 530 гектар жерге күнбағыс, 350 гектар алқапқа бұршақ егіпті. Құрылғанына 3 жыл болған серіктестік су жаңа техникалар алып үлгерген. Тұқым себетін 2 канадалық машина мен 3 комбайнды несиеге алса, оның 25 пайызын мемлекет субсидиялаған.

Владимир Евстратов, шаруа қожалығы жетекшісінің орынбасары:

– Биыл бірінші рет егіс алқаптарын фунгицидпен өңдеп жатырмыз. Бұл – өте қымбат тұратын химиялық зат. Сонымен бірге гербицидтерді де пайдаланамыз. Оның 50 пайызы субсидияланады. Өткен жылы несиеге алған техникамыздың субсидиясы төленді. Бұл – үлкен қолдау. Жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай да берілді.

Шаруашылық 40 мың гектар алқапқа мал азығы дақылдарын еккен. Қарғалы ауданының жері егіншілікке қолайлы болғандықтан, мол өнімнен үміттері бар. Тұқымның сапасына да көп көңіл бөлген. Жалпы биыл өңірде себілген тұқымның 23 пайызы элиталы тұқымға жатады. Тұқым шаруашылығын субсидиялауға өткен жылы 84 млн теңге бөлінсе, биыл 280 млн теңге жұмсалған. Минералды тыңайтқыштар көлемі де екі есеге артқан.

Асылхан Әптиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Мал азығы дақылдарына біз бір гектарға әрбір шаруашылыққа 8 мың теңгеден береміз, ал сүрлемге 10 мың теңгеден субсидия қарастырылып отыр. Орташа айтқанда, қазір қолайлы ауа райы болып тұрса да, мамандардың қарауымен орташа 7-8 центнерден болатын шығар деп күтіп отырмыз. Бірақ күн райы әлі де үлесін қосуы мүмкін, жоспардан артық немесе төмен болуы да мүмкін.

Өсімдік шаруашылығын субсидиялауға бөлінген 1 млрд 200 млн теңгенің 300 млн-ы төленіп болған. Тағы 400 млн теңге мал азығы дақылдарын еккен қожалықтарға беріледі. Қазір егін жинау науқанына дайындық басталды. Биыл жеңілдетілген бағамен 9 мың тонна жанар-жағармай беріледі.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Айбек Дәуітов

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика