Дереккөз: www.24.kz
Жыл соңына дейін елордада қағаз жинайтын 700-ге жуық арнайы қоқыс жәшігі орнатылады деп күтілуде.
– Бүгінде Астана қаласының әкімдігімен қоқыстарды бөліп-жинау жүйесін енгізу бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Халық бұл бастаманы басынан-ақ қолдады. Бұл бағыт шеңберінде жыл соңына дейін қағаздарды жинау үшін 700 арнайы қоқыс жәшігін орнату жоспарлануда, – деді Астана қаласы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің басшысы Мирас Ғайсин.
Оған қоса елордада электр жарығын үнемдейтін құрамында сынап бар шамдарды жинау және жою бойынша жобалар іске асырылып жатыр.
Бүгінде Астанада мұндай контейнерлердің 700-ден астамы орнатылды. Әрі қарай өндіру үшін бұл шамдар тамақ қалдықтарынан бөлек жиналып, сұрыпталып, арнайы сарғылт түсті жәшіктерге салынады.
Өз кезегінде сары түсті қоқыс жәшіктері пластик қалдықтары үшін арналған. Қазіргі уақытта тұрғын үйлердің аулаларында мұндай контейлердерің 600-ден астамы бар. Барлық жиналған пластик әрі қарай қоқыс өндіру зауытына жөнелтіледі.
Қалдықтар сұрыпталып, брикеттеледі.
– Бұл контейнерлер күн сайын толады. Қала тұрғындары мен қонақтары бұл жобаны қолдап, елорданың экологиялық ахуалын жақсартуға өз үлестерін қосады деген сенімдеміз, – деді М.Ғайсин.
Әкімдіктің мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта елорда аумағында 9 мыңнан астам түрлі қоқыс жәшігі орнатылған. Бұған дейін Астанада маусым айында тұрмыстық қатты қалдықтарды сыртқа шығаратын компания ауысты. «Астана-Тазарту» компаниясының орнына арнайы базасы мен техникасы бар «Clean City NC» ЖШС келді.
Ақпарат көзі: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі