Дереккөз: www.24.kz
Маңғыстау облысында жылыжай шаруашылығы қарқынды дами бастады.
Биылдың өзінде өңірде 35 шаруа жылыжай ашып, халықты жергілікті өніммен қамтуға кірісіп кеткен. Өз көкөнісі мен жемісін өсіру азық-түліктің 80 пайызын сырттан тасымалдайтын шөлейтті өлке үшін аса маңызды.
Топырағы сортаң, ылғалы аз шөлейтті өңір үшін көкөніс өсірудің ең тиімді жолы – жылыжай шаруашылығын дамыту. Осыны түсінген жергілікті шаруалар осы салаға бет бұра бастады. Жақында Түпқараған ауданындағы 10 мыңдай халқы бар Ақшұқыр ауылында үлкен жылыжай ашылды.
Мамандар мұнда тәулігіне 1 тоннадан астам қияр жинап алып жатыр. Жалпы жылыжай ашылғалы бір айдың ішінде 50 тоннаға жуық өнім алынған. Әсіресе Израиль, Испания және Голландия қиырларына сұраныс жоғары. Жиналған жиналғанынша сатылып кетіп жатыр.
Өсімдікке қажетті су жақын маңдағы ұңғымадан тартылып жатыр. Жерасты суы арнайы бассейнде сүзгіден өтіп, оған түрлі минерал қосылады да құбыр арқылы жылыжайға жеткізіледі. Суды үнемдеу үшін тамшылата суару әдісі қолданылып, көкөніс ерекше тәсілмен өсіріліп жатыр.
Темірбек Бекебаев, жылыжай директоры:
– Бұл топырақ емес. Бұл – субстрат. Олардың түрлері бар. Минералды мақтадан шығарады, қиыршық тасты да шығарады. Мына біздікі кокос перлиті. Ол – кокостың қабығына перлит қосылып жасалған нәрсе. Мұның бойында ештеңе де жоқ. Бұл жай ғана суды, ылғалдықты ұстап тұру үшін, сосын ішіне ауа барып тұру үшін дайындалған нәрсе.
Жақында 3 гектар аумаққа құлпынай, болгар бұрышы мен үш түрлі қызанақ егіледі. Әзірге мұнда 15 адам еңбек етеді. Жылыжай құрылысы толық аяқталған соң тағы 120 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылмақ. Ең бастысы, аймақ халқы сапасы жоғары, бағасы арзан жергілікті өнімге қол жеткізбек.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев