Ақмола облысында жыл басынан бері 88 ауылшаруашылық кооперативі құрылған | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Ақмола облысында жыл басынан бері 88 ауылшаруашылық кооперативі құрылған

Дереккөз: : www.24.kz

Олардың жартысына жуығы етті бағыттағы мал шаруашылығымен айналысса, қалғаны сүт өндіреді.

Осы кооперативтердің 38-іне биыл мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 700 млн теңге көмек берілген. Бұл қаражат ұжымға біріккен шаруалардың керек-жарағына жұмсалады.

Зеренді ауданына қарасты Қараөзек ауылының тұрғыны Ғабиден Емматов мал шаруашылығымен айналысуды көптен бері көздеп жүр екен. Алайда қаржы мәселесі қолбайлау болып келген. Жақында ғана ол көрші ауылдағы кооперативтің құрамына еніпті. Кейіннен 4 млн теңге несие алып, оған 16 бас сауынды сиыр сатып алған. Қазір солардың сүтін өткізіп, отбасылық кәсіппен айналысып отыр.

Ғабиден Емматов, кооператив мүшесі:

– Сүт сауып, соны сатып отырмыз. 100 литрдей күніне сүт өндіреміз. Жақсы бағамен өткіземіз. Жалғыз сүт қана емес, мал бордақылаумен де айналысамыз. Үкіметтің қолдауымен мал шаруашылығын әрі қарай дамытып, сүтті молайтуға тырысып жатқан ниетіміз бар. Ал Ғабиден секілді 30 шақты шаруаның басын біріктіріп отырған кооперативте қазір заманауи сүт қабылдау бекеті бар. Оны ұжым басшысы 5 млн теңгеге сатып алған. Кеткен қаржының жартысын мемлекет төлеген. Сүт тасымалдайтын бірнеше көлігі де бар.

Ал кооператив небәрі жарты жылдың ішінде облыс орталығындағы зауыттарға 500 тонна сүт өткізген.

Құнанбай Серғазин, кооператив төрағасы:

– Одан басқа 8 ауылдан 200 отбасы бар. Сүттерін жинап, күніне 7 тоннасын зауыттарға апарып жатырмыз. Жазда 7 тонна, қазір 2,5 тонна. Сүт қабылдағыштың жақсы жері жақын ауылдардан әкеліп, алыс жерлерге жеткізе аламыз. Қанша градус қажет болса, сонша қоямыз. 2-3 градусқа дейін суытып береді.

Абзал Кенжеахметов, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры облыстық филиалының өкілі:

– Кооперативке әрбір ауыл тұрғыны 6 пайызбен несие алып, кіре алады. Әрбір кооператив мүшелері сүт бағытында 6 млнға дейін берсе, ет бағытында 4 млн-ға дейін ала алады. Оған бүгінгі таңда халық кәдімгідей белсенді қосылып кіруде. Кооператив саны күннен-күнге артып келе жатыр.

Жалпы биыл Ақмола облысының ауылшаруашылық саласын қолдауға Үкіметтен 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал кооперативтерге біріккен ауылдықтар жыл басынан бері 15 мың тонна сүт және 400 тоннаға жуық ет өндіріпті. Осылайша елді мекен тұрғындары ата кәсіпті жандандыру арқылы өздері де несібелерінен айырып, жергілікті өндіріс ошақтарының да сұраныстарын қамтамасыз етіп келеді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика