Дереккөз: www.24.kz
Елімізде батат өсіруге болады.
Оңтүстік Корея ғалымдары қазақстандық әріптестерімен бірнеше жыл бойы тәжірибе жүргізіп, тәтті картопты жерсіндірді. Бататты қазақ жерінде өсірудің себебі неде және бұл көкөністің қазақстандықтарға берер пайдасы қандай?
Кореяның биотехнология институты үш жыл бойы қазақстандық әріптестерімен бірге қызмет істеп келеді. Осы уақыттың ішінде Қазақстанның үш облысында батат көшеттері отырғызылды. Ал өнімі Оңтүстік Кореядағыдан екі есе көп жиналған. Тәтті картоп қазақстандық ауа райы жағдайына осы зертханада бейімделді. Көкөністің құрғақшылыққа төзімді түрін алу үшін тұқым суарылмайды. Сөйтіп талшықтардың кей түрі қурап қалғанмен, көктеп жерсінгендері де бар.
Квак Санг Су, корейлік биоғылым және биотехнологияны зерттеу институтының профессоры:
– Қазақстанда байтақ жер, ал Кореяда технологиялар бар. Біз бататты өсірудегі жиырма бесжылдық тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Бірінші кезеңде мұнда жерсінетін картоп түрлерін таңдау қажет. Батат қан қысымын және қандағы қанттың мөлшерін азайтады, салмақ тастауға да көмектеседі. Бұдан басқа тәтті картопты онкологиялық аурулардан айығу үшін пайдалануға болады.
Батат Оңтүстік Кореяда сұранысқа ие. Сондықтан тәтті картоп өсіру профессор Ин Дон Су үшін ермек қана емес, қосымша кіріс көзі де болып отыр. Оны ересектер де, балалар да ерекше жақсы көреді. Ал корейлік азық-түлік рейтингінде батат күріш, бұрыш, пияз, сарымсақ және картоптан кейін алтыншы орында тұр.
Батат – қалдықсыз көкөніс. Жапырақтарынан салат дайындалады, ал жемісін пісіріп асқа қолданады. Тіпті қабығын да жеуге болады.
Профессор Ин Дон Су бататты қоймаға әкелуге үлгермей жатыр. Өнім тез сатылады. Бірақ тәтті картоп алқабын кеңейтуге ғалымның мүмкіндігі жоқ.
Ин Донг Су, профессор, компания басшысы:
– Кореяда жер аз, сондықтан батат өсіруге шектеу қойылған. Оның үстіне жұмыс күшіне, жерді жалдауға қаражат көп кетеді. Тәтті картоптың өз аурулары бар. Сондықтан жаңа піскен жемісті импорттауға тыйым салынған. Қазір салқындаған, буланған немесе майға қуырылған батат Индонезия немесе Малайзиядан көп әкелінеді. Қазақстанда жер көп, сондықтан батат өсіру жобасының болашағы зор.
Қазақстанда тәтті картопқа әзірге сұраныс аз. Ал Корея өсіру тәжірибесімен бірге дайындау тәсілдерімен де бөлісуге дайын. Сөйтіп отқа қақталған немесе буға пісірілген бататтың тіл үйірген дәміне тек оңтүстіккореялықтардың өздері ғана тамсанумен келеді. Авторлары: Владислав Цой, Ли Сан Хён