Дереккөз: www.24.kz
Атырау облысында тәулігіне 10 тонна құнарлы көк балауса өсіретін гидропоникалық кешен іске қосылды.
Арпа дәнінен мал азығын дайындайтын кешен испандық технологияның көмегімен күніне 720 бас ірі қараға азық дайындай алады.
Экологиялық тұрғыдан таза өнімнің арқасында шаруашылық сүттің шығымдылығын 28 пайызға дейін арттырады. Мұнайлы өңірдің сүт өнімдеріне деген сұранысын толық қанағаттандырып отырған тауарлы-сүт фермасы еуропалық технологияны шаруашылыққа енгізген болатын. Қазір игілігін көріп отыр. «Мал азығының 70 пайызын сырттан тасымалдайтын мұнайлы өңір үшін жаңа кешеннің пайдасы мол», – дейді мамандар.
Есболат Есқариев, шаруашылық жетекшісі:
– Шығыны өте аз. Мұның азықтық құнары жоғары, сосын аз кісі жұмыс жасайды. Біздің Атырау облысына өте керек зат. Егілу технологиясы бір күн суға саламыз. Екінші күні бөрткенін күтеміз де, үшінші күннен бастап егеміз. 6 күнде өсіп шығады. Бір тақтаның салмағы – 14 келі. Сол 14 келінің әр сауын сиырға бір-бірден беріп отырамыз.