Ақтөбеде шырша ағашы көптеп отырғызылып жатыр | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Ақтөбеде шырша ағашы көптеп отырғызылып жатыр

Дереккөз: www.24.kz

Ақтөбенің жасыл белдеуін жаңғырту шаралары қызу жүріп жатыр.

Осыдан 3 жыл бұрын қала маңындағы орман алқаптарының 1 мың 200 гектарға дейін азайып кеткендігі айтылған еді. Сол кезде арнайы жоба дайындалып, жылына 200 гектар алқапты қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Одан бөлек облыс орталығын көгалдандыру мақсатында өткен жылы мыңдаған түп ағаш егілді.

Бұл шыршаны осыдан бір жыл бүрын қаңтардың суығында, аязда отырғызған еді. Рас, басында бәріміз де таңғалдық. Сөйтсек, мамандардың айтуынша, шыршаның бұл түрін қыста отырғызады екен. Қазір барлығы да жерсінген.

Жаңадан бой көтерген шағын аудандағы жолдың жиегіне 253 шырша ағашы егілді. Мезгіл таңдамай отырғызуға болатын шыршаның бұл түрін Ресейден әкелген еді. Екі елдің климаты ұқсас болғандықтан, қылқан жапырақтылар қураған жоқ.

Дегенмен мәңгі жасыл ағаш өте баяу өседі екен. Жылына небәрі 15-20 см-ге биіктейді. Қалада қазір шырша ағашы көп отырғызылып жатыр. Себебі оның ауа тазартатын қасиеті ерекше.

Әлібек Серікбаев, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары:

– Өткен жылдың күз айларында қалада 654 қылқан жапырақты ағаш пен 2 мыңға жуық тал егілді. Әсіресе жаңа шағын аудандарға жасылды молынан отырғыздық. Одан бөлек қала маңындағы ауылдық округтер 6000 түп ағаш егіп, өз үлестерін қосты. Жалпы қала аумағында 1 млн 300 мың түп ағаш өсіп тұр.

Бұрындары қарағаш көп егілетін. Оның шығымы да 95 пайызды құраған. Соңғы жылдары шырша, үйеңкі, шаған отырғызыла бастады. Өсімдік шаруашылығымен айналысатын жергілікті кәсіпкер мемлекеттік тапсырыс бойынша сырттан ағаш тал әкелген. Екі жылыжай мен 40 гектар алқапта 10 мың ағаш өсіп тұр. Олар бой көтергеннен кейін топырағымен бірге қазып алып, қала көшелеріне егеді.

Марат Итеғұлов, кәсіпкер:

– Ағаш өсіруді бір жыл бұрын бастадық. Оған дейін ұзақ уақыт дайындық жұмыстарын жүргіздік. Жылыжай салдық, жұмысшыларға үй тұрғыздық. Жергілікті билік тарапынан нақты қолдау бар. Биыл мамыр айында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен шаруашылыққа су құбырларымен жүргіземіз деп жоспарлап отырмыз.

Жылыжайда бой көтерген ағаш тез жерсінеді. Жалпы күтімі жақсы болса, егілген жасылдың 60 пайызы жайқалып өсуі керек.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика