Ақсай қаласында желден қуат алатын электр стансасы салынбақ | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Ақсай қаласында желден қуат алатын электр стансасы салынбақ

Дереккөз: www.24.kz

672eabefb4c992d10c49eed04031a895_l

Елімізде 2030 жылға қарай баламалы энергия үлесін 30 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр.

Осы мақсатқа жету үшін жел, күн және су секілді сарқылмас қуат көздерінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланған жөн. Демек «жасыл технологияларға» инвестиция тарту керек. Елбасы биылғы Жолдауында Үкіметтің алдына осындай маңызды міндеттер жүктеді. Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында осы тұрғыда жұмыстар қолға алынған. Ақсай қаласында күн батареялары құрастырылады. Енді желден қуат алатын электр стансасы салынбақ.

Күн батареясы шатырға шыққалы білтелі шамдардың басынан бағы тайған. Бүгінде бір бұрышта елеусіз жатыр. Бұл – Бостандық ауылы, «Мүсілім» шаруа қожалығының қыстағындағы көрініс. Күн батареясын қоюға қожалық жарты миллион теңге жұмсапты. Бүгінде үйдегі барлық шаруаға электр қуаты пайдаланылады.

Айқын Жұбанов, шопан:

– Теледидар көреді, тоңазытқышты тартады, сүт сепараторын да тартады. Бұл енді жазғы орынға жақсы екен. Қыста тогы аздау болады. Күннің сәулесі болғанмен де, жазғы күнгідей болмайды.

Егер бұл күн батареясы Ресейден сатып алынса, таяу келешекте өзімізде өндірілмек. Шетелдік компания Бөрлі ауданындағы Ақсай индустриялды паркінің базасында күн батареясының алғашқы данасын құрастырып орнатыпты. Қазір кәсіпорын тапсырыстар қабылдап, өндіріс алаңын жетілдіруде. Келешекте мұнда күн батареяларын жаппай шығару жоспарда.

Массимилиано Кастаньини, жоба басқарушысы:

– Оған біздің өндірістік мүмкіндіктеріміз жеткілікті. Жалпы қуаты 4 мегаватт болатын күн панельдерін жасап шығара аламыз. Келешекте халықаралық нарыққа да шығу да ойда бар. Және күн батареясы мен жел турбинасы орнатылған арнайы контейнерлер жасамақпыз.

Баламалы қуат көздері – кемел келешектің негізі. Бұл тұрғыда Бөрлі ауданында нақты істер қолға алынған. Соның бірі – жел электр стансасын салу. Бүгінде әлеуетті инвестормен меморандумға қол қойылған. Жобаның жалпы құны – 40 млрд теңге. 100 гектар жер бөлініпті. Ол аумаққа голландиялық технологиямен 50 генератор орнатылмақ.

Алдияр Халелов, Бөрлі ауданының әкімі:

– Биылғы жылы олар ЖСҚ бәрін әзірлейді. 2019 жылы іске қосу, монтаж жұмыстарын жасайды. Яғни 2020 жылы толықтай іске қосады деп, меморандумға қол қойылды. Олар өздері экспертиза жасады, анализ алды, желдің бағытындағы бүкіл көрсеткіштерді алып қарап, осы жерге салуға өздері ұйғарды.

Еліміздің энергожүйесінен оқшау жатқан Батыс Қазақстан облысының тәуелсіздік жылдарындағы басты табысы –энерготәуелсіздікке қол жеткізуі. 20 жыл бұрын өңір қажетті қуаттың 95 пайызын Ресейден алатын. Ал қазір 1946 млн киловатт сағат, яғни қажетті қуаттың 94 пайызы өзімізде өндіріледі. Жаңа жел стансасы салынған жағдайда осы қалған импортты алмастырып, әрі жылдан жылға артып келе жатқан өңір сұранысын арзан қуатпен өтемек.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика