ШҚО-дағы туризмді дамытудың жаңа жоспары құрылды | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

ШҚО-дағы туризмді дамытудың жаңа жоспары құрылды

Дереккөз: www.24.kz

31893a2c6b937d50432697406e360a32_l

Қойнауы құт, табиғаты көркем Шығыс Қазақстан облысының туризм саласын дамыту қажет. Онда арнайы сапармен барған кәсіпкерлер осылай деп отыр.

Олар тек аймақты аралап қана қоймай, туризмді жетілдірудің жаңа жоспарын құрып келген көрінеді. Еліміздің шығысын туристік тұрғыда қалай тартымды етуге болады?

Андрей Щетинин – автотурист. Ол еліміздің тұмса табиғатын тамашалау үшін бүкіл Шығыс-Қазақстан облысын аралап шыққан. Аймақтың туристтік қабілеті тек қазақстандықтар үшін емес, шетелдіктерді таңдай қақтырарлық екені құпия емес. Тек өңірде сырттан қонақ қабылдауға барлық жағдай жасалмаса керекті.

Андрей Щетинин, автотурист:

– Шығыс Қазақстан – бұл еліміздің ең бірегей мекені. Бізде аспанмен таласқан биік таулар, қарлы шыңдар, үлкен өзен-көлдер, су қоймалары, жағажайлар бар. Тіпті таңертең су қоймасының етегіндегі құмды жағада суға шомылып, түстен кейін қарлы шыңмен жүріп өтуге болады. Бірақ малдымен инфрақұрылымды дамыту қажет. Мысалға Ресейдің Алтайымен салыстырыңызшы. Онда 100 метр сайын түрлі дәмханалар, жанармай бекетін кездестіріуге болады. Қонақүйлер де толып тұр.

Инфрақұрылымның көңілден шықпайтынын өзге де қазақстандықтар жарыса жазып жатқаны белгілі. «Демалушыларға қажетті талаптардың барлығы ескерілсе, біз шетел аспай ішкі туризмді дамытар едік», – дейді олар.

Руслан Погорелов:

– Шығыс Қазақстан облысында болған достарымнан табиғаттың тамаша екенін естідім. Тек инфрақұрылымның тұралап қалғаны қынжылтады. Ішкі туризмді дамыту жайлы бұрыннан айтылып келеді. Ең болмаса неге жолдарды жөндемеске?

Тамыз айында мен Шығыс Қазақстанға баруды жоспарлап отырмын. Тек қызмет көрсету сапасына сеніңкіремей тұрғаным. Ринат Дүйсембаев – Шығыс Қазақстан облысы елдің ішкі және халықаралық туризмі үшін маңызды аймақ. Онда ең алдымен әуежай және жоғары деңгейлі инфрақұрылым қажет.

Өткен жылы үкімет елдің туристік әлеуетін дамытуға бағытталған концепцияны бекіткен еді. Арнайы жоба құрылып, мемлекеттік бағдарлама да әзірленіп жатыр. Десе де, елдің сұлу табиғатын әлемге паш ету жолында әлі нақты қадамдар жасалмады.

Рахым Ошақбаев, экономист, қолданбалы зерттеулер орталығының директоры:

– Қазақстанның тұмса табиғаты өз отандастарымыз үшін де, шетелдіктер үшін де қолжетімсіз. Себебі инфрақұрылым жоқ. Алдымен кәдімгі қатынайтын жолдың күйі анау. Қауіпсіз деп айтуға ауыз бармайды. Ешқандай қауіпсіздік нормасына сай келмейтін көлікке арналған көпірлерден өттік. Тас құлап кетуі мүмкін. Бірде-бір қоршау қойылмаған. Бір сөзбен айтқанда, жағдай күрделі.

Шығыс Қазақстан облысына жасаған сапарынан кейін Рахым Ошақбаев және оның әріптестері туризмді дамытудың жаңа жоспарын құрған. «Бастысы – инфрақұрылымды жаңартып, білікті әрі білімді мамандарды даярлау»,-  дейді олар. Одан соң шипажай демалысын қолға алып, әуебилеттер құнын қолжетімді ету қажет.

Рахым Ошақбаев, экономист, қолданбалы зерттеулер орталығының директоры:

– Бізге инфрақұрылым мен туризмнің қауіпсіз болуы үшін көптеп инвестиция салу керек. Бұл ретте жеке инвестицияларды тарту маңызды. Бұл қолжетімді, бәсекеге қабілетті, сапалы қызмет көрсету үшін таптырмас дүние. Баға түсіп, сапа көтерілуі үшін қонақүйлер мен турфирмалар өзара бәсекелесуге мүмкіндік алуы тиіс.

Бұл мәселені шешу жолымен айналысып жатқан Мәдениет және спорт министрлгі әрбір қазақстандықты осы түйіткілдің түйінін бірге тарқатуға  шақырып отыр. Мекеме кез келген тұрғынның арнайы ұсынысын тыңдап, тіпті жұмыс топтарына қабылдауға дайын. Енді жылдың соңына дейін егжей-тегжейлі ойластырылған бағдарлама әзірленуі тиіс.

Авторлары: Жансұлу Дүйсенәлі, Анжела Гарипова, Руслан Шакабаев

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика