Қарағанды облысының егіс алқаптарына алғаш рет жаңа технология қолданылды | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Қарағанды облысының егіс алқаптарына алғаш рет жаңа технология қолданылды

Дереккөз: www.24.kz

Биыл Қарағанды облысының егістік алқаптарына алғаш рет егін егудің жаңа технологиясы қолданылды, деп хабарлайды «Хабар24».

«Ауыл шаруашылығын цифрландыру» бағдарламасын әзірге Нұра және Осакаров аудандарының диқандары жүзеге асырып отыр. Ол үшін отандық және еуропалық ғылыми институттардың көмегіне жүгінген. Нәтижесінде сынақ түрінде егілген алқаптардан өнім әр гектарына 40-60 центнерден жиналды.

Нұра ауданының Шахтер ауылындағы шаруа қожалығы биыл 37 мың гектар алқапқа дәнді және майлы дақылдар еккен. Биыл мұнда бірінші рет жаңа технология қолданысқа енгізілді. «Ауыл шаруашылығын цифрландыру» бағдарламасы бойынша сынақ түрінде 500 гектар алқапқа дән сіңірілген. Нәтижесі жаман емес. Өнім 40-45 центнерден айналып жатыр.

Георгий Прокоп, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Алдымен алқаптың электронды картасын жасадық. Тәжірибе ретінде 500 гектар жерден топырақ сынамалары алынып, сандық технология көмегімен құрамындағы фосфор, калий, азоттың мөлшерін анықтадық. Бұған қоса, түбегейлі тексеру үшін Еуропадағы зертханаға жібердік. Сөйтіп, көктемде ылғалды алқапқа егін салынды. Өнімділік 30-35 пайызға дейін жақсарды.

Сандық технология шаруашылықтағы картоп алқабына да енгізілді. Ылғалы мен тыңайтқышы келісті танаптардан мол өнім жиналуда. Өткен жылмен салыстырғанда, 30 пайызға жоғары. Оның үстіне биыл Германиядан 20-дан астам жаңа техника жеткізілген.

Дидар Ақышев, механизатор:

– Картопты үшінші жыл егіп жатырмыз. 2017 жылы 220 гектар болған. Биыл 450 гектарға салдық. Бір гектардан 40 тоннадан алып жатырмыз.

Еліміз бойынша егістік алқаптарға сандық технологияны енгізген 9 шаруашылық болса, соның екеуі Қарағанды облысында. Бұл алқаптарда тіпті жердің температурасы мен ылғалдылығын көрсететін метеостанциялар да орнатылыпты. Жалпы биыл өңірде 826 мың гектардан дәнді-дақыл, 9 мың гектардан картоп және 1442 гектар жерден көкөніс жинау көзделген.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика