Түркістан облысында өтетін қызғалдақ фестивалінің ауқымы кеңейеді | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Түркістан облысында өтетін қызғалдақ фестивалінің ауқымы кеңейеді

Дереккөз: www.24.kz

Түркістан облысы – табиғи байлығы сан алуандығымен ерекшеленетін еліміздегі көрікті аймақтың бірі.

Өңірде өсімдіктердің 3 мыңнан астам түрі өседі. Оның ішінде 118 түрі Қызыл кітапқа енген. Соның бірі – дүние жүзіне біздің елімізден таралған дала қызғалдағы. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өсетіндігі туралы айтылған болатын. Сондай-ақ грейг қызғалдағы облыстың таулы өңірі Түлкібастағы Шұбайқызыл шоқысына тән. Ал даланың әсем гүлін көздің қарашығындай сақтау үшін өңірде дәстүрлі қызғалдақ фестивалі өткізіліп келеді.

Қызғалдақ көктемнің сәуір айында бүр жарып, алқызыл гүлдерін ашады. Сосын мамырда тұқымын шашады. Бұл дала гүлі – көпжылдық өсімдік. Тамыры пияз секілді. Гүлдерінің ұзындығы 5-10 см қызыл түсті болып келеді. Түркістан облысында қызғалдақ көптеп өсетін аумақтар ерекше қорғауға алынған. Солардың бірі – Түлкібас өңіріндегі Шұбайқызыл шоқысы. Бұл жер жергілікті маңызы бар табиғат ескерткіші. Көктемде төбе құдды бір қызыл кілемге оранғандай күйде қып-қызыл түрге айналады.

Мархабат Байғұт, жазушы халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:

– Елбасымыз айтып отырған Іле Алатауының жалғасы – Тәңір таудың бір бұтағы Ақсу Жабағылы, Алатау мен Қаратаудың түйіскен төрінде, Түркібасы жерінде Шұбайқызыл дейтін тарихи әулие төбе бар. Сол Шұбайқызылдың қызғалдағы жайлы Президентіміз Голландиядағы барған кезде айтқан ғой: «Қазақстанның қызғалдағының 300-ден аса түрін шығарып саудалап, экономикамызды өркендетіп отырмыз» деп.

Түлкібастың тумасы Мархаббат Байғұт ағамыз әрдайым «бұл төбені сақтап қалуымыз керек. Қоршауымыз керек» деп келеді. Бұл Шұбайқызыл шоқысы – қазіргі таңда 60 гектарды аумақты алып жатқан жайылым. Осылай жайылым ретінде қала берсе, тозып кетеді. Содан осында өсетін грейг тұқымды қызғалдақтың бұл маңнан қаша беретіні де сөзсіз. Осыны ескерген облыс басшысы мұнда жыл сайын «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы» атауымен қызғалдақ фестивалін өткізуді қолға алды. Келер жылдан бастап бұл шараның ауқымы кеңеймек.

Олжас Шынтаев, облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының м.а.:

– Шұбайқызыл алаңында жалпы халықтық фестиваль өткізу жоспарлануда. Оны Жамбыл облысы, Түркістан облысы және Шымкент қаласы үш өңір қосылып, үлкен шара жасамақшымыз. Зерттеушілер, ғалымдар, арнайы суретшілер келіп алдын ала дайындалып, грейг қызғалдағының ашылғанын күтіп, сонда фотосессиялар ұйымдастырылады. Түлкібас ауданының табиғаты экотуризмді, спорттық, экстрималдық, танымдық туризмді дамытуға өте қолайлы. Осыдан болар, аймаққа биылдың өзінде 13903 турист келген. Оның 673-і шетел азаматы. Түркібасы жерінен Ұлы Жібек жолын жалғап жатқан Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік магистралі өтеді.

Бұл да туристік әлеуетті жоғарылатуға мүмкіндік береді. Қазір жергілікті билік этнотуризмді қолға алу үшін бірнеше жобаны ойластырып қойыпты.

Асхат Жабағы, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары:

– Этнотуризмді дамыту бағытында жасылынып отырған дүние. Бұл жерде 5 киіз үй бар. Бұл бұрынғы салт-дәстүрімізді «Рухани жаңғыру» аясында заманауи қалыпқа келтіріліп, қысы-жазы жылыту жүйесі жүргізілген. Қасында 35 орынға арналған қонақ үй салынған.

Түлкібаста қызғалдақтың маңыздылығы ескеріліп, үлкен көшелерге ол жарықшам әрі сән ретінде қойылған. Тіпті Ақсу-Жабағылы қорығы эмблемасының негізі қызғалдақтан алынған. Ал Шымкент қаласындағы субұрқақ пен қызғалдақтың ең үлкен шыны мүсінінің орнатылуы да бұл өсімдікке деген оңтүстіктің сүйіспеншілік белгісі.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика