Арал теңізіндегі Көкарал бөгетіне балық қорғау құрылғысы қойылады | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Арал теңізіндегі Көкарал бөгетіне балық қорғау құрылғысы қойылады

Дереккөз: www.24.kz

Гидроакустикалық қондырғы САРАТС жобасы аясында салынған 17 шақырымдық 9 өткізгіштен су маржанының өлі теңізге кетіп қалуына кедергі болады.

Жалпы бүгінде Арал балықшылары жылына жеті мың тоннадай балық аулап, оның екі мың тоннасын экспорттайды.

Қазірде айдын 18 аумаққа бөлініп, табиғат пайдаланушыларға бөлініп берілген. Арал ауданында жылдық қуаттылығы он тоғыз мың тонна балық өңдеуге қауқарлы жеті кәсіпорын бар. Зауыттар Қытай мен ТМД елдерінен бөлек Еуропаға су маржанын саудалайды. Теңізге жылына он бес миллион дана шабақ жіберіледі. Бірақ Көкарал бөгеті арқылы мол сумен бірге балық ұлы теңізге қарай кетіп жатыр. Осы ретте Аралды құтқару қоры арқылы гидроакустикалық қондырғы орнатылмақ.

Тынысбек Барақбаев, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» Арал бөлімшесінің директоры:

– Егер осы жобаны жылдың аяғына дейін бітіретін болсақ, келер жылдан бастап, балық құтқару гидроқұрылғысы тұратын болады. Яғни гидроакустика дегеніміз балықтың сенсорлық органдарына әсерін тигізеді. Әсерін тигізгенде тек үркіту ғана. Басқалай еш зиянын келтірмейді. Ол тек қана төменгі жиілікте балықтардың үлкен-кішісін үркіту арқылы біз ол жерге жақындатпаймыз.

Ауданда теңізден бөлек жиырма көл бар. Олардан да балықтың он төрт түрі ауланады. Тәжірибелі балықшылар мен сала мамандары енді су маржаны қорын молайту үшін көлдер жүйесін әлі де жетілдіре түсу керектігін айтады.

Құдайберген Саржанов, сала ардагері:

– Ақбасты мен Құландының ортасында өзек бар. Сол жерге шлюз қойып, соған шейін су деңгейі көтерілсе, артық су үлкен теңізге кетпей, өзек арқылы Тұщыбас деген жерге барады. Тұщыбасты толтырып алсақ, Қамбаш көлінен кем болмайды. Қазір лимит бойынша Қамбаш көлінде 400-300 тоннадай балық беріп отыр. Ал мынадан жылына мың тонна балық аулауға болады. 

Жалпы 2000 жылдан бері Аралдан балық аулау көлемі жиырма есеге өсті. Қазіргі таңда 31 бригада құрылып, мыңға жуық балықшы өз нәпақасын теңізден теріп жүр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика