Ақтөбеде жаңа су арнасы салынып жатыр | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Ақтөбеде жаңа су арнасы салынып жатыр

Дереккөз: www.24.kz

Ақтөбеде саябақтарды тиісті деңгейде ылғалмен қамтамасыз ету үшін жаңадан су арнасы салынуда.

Бұл қуаңшылық жылдары өзен-көлдердің мүмкіндігін тең қолдану үшін жасалған қадам.

Шама-шарқы саяжайларды суаруға әрең жететін Сазды өзенін Ақтөбе су қоймасынан қоректендіру жобасы қазан айына дейін аяқталуы тиіс.

Елек өзенінен Саздыға дейінгі он бір шақырымға жуық құбыры жер астымен тартылады. Әзірге мердігер мекеме бұл жұмыстарға кірісе қоймаған. Алдымен жаңа арнаның Сазды өзенімен кездесер тұсын бекітіп алу керек дейді.

Нұрбол Махамбетов, мердігер компания өкілі:

– Бұл жерге 500 текше метрлік насоспен су айдалынады. Және астын шайып кетпеу үшін 285 метрі ғана асты бетондалды Сазды өзенінің.

Су тапшылығы өңірде биыл ерекше сезілді. Жаз шықпай тұрып, өзендердің арнасы кеуіп қалған. Шаһар маңындағы қоймаларда су қоры мардымсыз. Мәселен, Ақтөбе жасанды көлінің көлемі 245 миллион текше метр болса, биыл соның 93 миллионы ғана жиналған. Негізінен қар суымен толатын Сазды су қоймасында да жобалық көлемі 7 жарым текше метрдің, жартысына жетер-жетпесі бар. Бұл жағалай орналасқан бау-бақшаларға қиындық тудырып отыр.

Мақсат Разбаев, «Қазсушар» РММ Ақтөбе облыстық филиалының бас маманы:

– Сазды су қоймасында 26 су тұтынушы бар. Ол саябақтар және жеке шаруа қожалықтар. Олардың барлығына біз үнемдеп су беруге міндеттіміз. Енді биыл бір мезгіл су толтырып, жіберіп тұрамыз арасында.Келесі жылдан бастап мына құрылыс біткеннен кейін қосымша су келіп тұрады. Сол себептен су тапшылығы азаюы мүмкін.

Сазды өзені бойындағы бұл мәселе биыл шешілуі тиіс болатын. Арна құрылысы өткен жылдың күзінде бітуі керек еді. Алайда құны 1 млрд 362 млн теңгенің жобасы бір жылдай тежеліп отыр. Құрылысшылар мұны қаржыландырудың кешіктірілуімен байланыстырады.

Мансұр Есқожин, тілші:

– Жоспар бойынша Сазды өзенінің осы тұсында сорғылау станциясы орналасады. Суды пластикалық құбырлар арқылы арғы беттегі саябаққа жеткізу көзделген. Бұл өсімдіктерді ылғалмен қамтамассыз етумен қатар, демалыс орнына көлшік салуға мүмкіндік береді. Қазір орталық саябақтағы қос шағын су қойманың табаны дайын тұр.

Жоба авторларының пайымдауынша, жаңа арна шаһардағы ең ірі саябақты үздіксіз сумен қамтамассыз етеді. Сәйкесінше, бұған дейін суды көлікпен тасыған коммуналдық мекемелердің шығыны да азаяды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика