Президент тапсырмасы: Қоршаған ортаны қорғау бойынша Жол картасы әзірленуде | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Президент тапсырмасы: Қоршаған ортаны қорғау бойынша Жол картасы әзірленуде

Дереккөз – inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жаңа Экологиялық кодекстің қалай жазылып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдегі ірі қалалар мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың ағын суын тазалау бойынша проблема баршылық. Елімізде 58 кешенді тазарту нысаны жұмыс істейді. Оның 10-ы толығымен тозған. 26-ы қайта жаңарту және жаңғыртуды қажет етеді. Осы мәселелер бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бар. Атырау қаласына барған сапарында Президентке бұл мәселелер баяндалып, пысықталып, тиісті тапсырмалар берілді. Қазір Үкімет бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін жұмыс жүргізіп жатыр», – деді Қанат Бозымбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Ол барлық өзекті мәселелерді шешу мақсатында ведомство жаңа Экологиялық кодекстің редакциясымен жұмыс жүргізіп жатқанын, жоба күзде Парламентке енгізілетінін мәлім етті.

«Ең бастысы – біз Кодекске ЭЫДҰ елдерінің нормалары мен стандарттары енгізілуі тиіс деп санаймыз. Сол стандарттарға жақындаған экологиялық нормалар мен нормативтерді сақтау біздің елімізге қоршаған ортаны қорғау саласында алға жылжуға мүмкіндік береді. Ең жақсы қолжетімді технологиялар қағидасы, қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемдер енгізіледі. Бүгінгі күні әкімдіктер жергілікті бюджеттің 5 пайызын ғана табиғатты қорғау шараларына жұмсайды. Айналып келгенде қаражаттың бәрі қоршаған ортаны қорғау ісіне қызмет етуі тиіс. Жаңа Кодекс жобасы 80 пайыз дайын», – деп нақтылады министр.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Үкіметтің үйлестіру жұмыстары аясында ауылдық және қалалық полигондар құрылысы бойынша типтік ережелер әзірлеу көзделіп отыр.

«Бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдар тарапынан күш-жігер қажет. Ауылдық полигондарға жеңілдетілген талаптар болар еді. Себебі, бұл – жеткілікті капиталды қажет ететін жұмыс. Тиісті жол картасын жергілікті атқарушы органдар әзірлеген. Өткен жылы біз «Ғарыш сапары» рұқсат етпеген қоқыс үйінділерінің ғарыштан жасалатын мониторингін жолға қойдық», – деді Энергетика министрі.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика