Енді қоқыстан да пайда табуға болады | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Енді қоқыстан да пайда табуға болады

Алматы тұрғындары енді смартфон арқылы қоқыстарынан арылып, тіпті одан пайда таба алады,  деп хабарлайды «Хабар 24»

Ай-ти мамандары жаңа мобильдік қосымшаны іске қосты. Ол арқылы енді тұрмыстық қатты қалдықтарды қоқысқа тастамай, оны қайта өндіретін компанияларға жіберетін мүмкіндік бар. Демек пластик бөтелкелерінен бастап, үйдегі ескі жиһаздар мен құрылыс қалдықтары өзіңіз қалаған бағаға сатылатын қазынаға айналмақ.

Әдетте, үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін, одан шыққан тұрмыстық қалдықтарды қоқыс жәшігіне дейін жеткізуге қиналатынымыз рас. Енді арнайы техника жалдап, шығынданудың да қажеті жоқ. Бұл мәселелерді шешу үшін, алматылық ай-ти мамандары жаңа мобильді қосымша ойлап тапты. Аталған жобаны билік өкілдері де қолдап отыр.

Мақсат Қиқымов, Жетісу ауданының әкімі:

– Бізде ең үлкен мәселе – қоқыс алаңындағы қоқыс жәшіктерінің шамадан тыс толып кетуі. Әсіресе, ауыр заттарды көпшілік жәшіктің ішіне тастамайды. Ал келісімшарт бойынша, қоқыс жинайтын компания тек жәшіктің ішіндегі қоқысты алып кету керек. Ал сыртындағы қажетсіз заттарды қала тұрғындары өз қаржыларына жеткізу керек болатын. Ал енді керісінше болып отыр. Яғни тұрғындар қоқысты жәшікке жеткізбей сатып, ақша таба алады.

Әсем қаланың көркін қашырып, көшелерді ластаумен қатар экологияға орасан зиян келтіретін қоқыстарды бірден өндіріске жіберуге мүмкіндік беретін мобильдік қосымшаны құрастырған маманның бірі – Талғат Асрамқұлов. Ол эколог мамандығы бойынша білім алған.

Талғат Асранқұл, IT-платформаның негізін қалаушы:

– Мысалы, тұрғындар көбіне ескі құрылыс материалдарын қоқысқа тастайды. Ал қаланың бір түкпірінде керісінше, сондай тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдайтын кәсіпорындар бар. Біз оларды байланыстыратын мүмкіндік жасап отрмыз. Әрине, бір-екі пластик бөтелкесі үшін ешкім бармайды. Ал ауқымды қағазы бір бөлек, қатты заты бір бөлек сұрыпталатын болса, оны осы қосымша арқылы сатуға болады. 

Қоқысты сатып, одан пайда табудың жолы қиын емес. Алдымен қажетсіз заттарды сұрыптап, оны суретке түсіресіз. Кейін смартфондағы анықтаманы толтырып, жиналып қалған қағаздар мен пластик, керек емес жиһаз немесе құрылыс заттарын саудаға қоясыз. Бағаны да өзіңіз белгілейсіз. Ал сіздің дүниеңізді керек деп тапқан тарап өзі хабарласады. Бұл жобаға қазірдің өзінде қайта өндіру ісімен айналыс жүрген 30-ден астам кәсіпорын қызығушылық танытып отыр.

Авторлары. Алуа Маханбет, Владимир Бовкис, Нұрдәулет Жақсыбай

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика