Карантин Алматы экологиясына қалай әсер етті | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Карантин Алматы экологиясына қалай әсер етті

Дереккөз – www.inform.kz

АЛМАТЫ.ҚазАқпарат – Дүниежүзі сарапшыларының айтуынша, пандемия экологияға оң әсер етті. Адамзат тіршілігіндегі әрекеттер азайған сайын атмосфера тазарып, су тұнық бола бастаған. Ал Алматының ауасы қаншалықты тазарды? Бұл туралы отандық экологтар айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы Полиция департаментінің ресми мәліметтеріне сәйкес, қалада көліктер саны бес есе азайды. Экологтар мұның қалалық ортаға және экологияға, әсіресе, тұрғындар жиі шағымданатын ауа сапасына қалай әсер еткенін айтты.

Экобелсенді Тимур Елеусізовтің сөзінше, ауа таза бола бастады және бүкіл қалада атмосфера бірнеше себептерге байланысты жақсарып келеді.

«Мегополисте көлік қозғалысы азайғалы ауа біршама тазарып қалды. Бұл бірден байқалады. Оның қаншалықты тазарғанын айта алмаймын. Өйткені мұнда арнайы датчиктермен химиялық анализ жасау қажет. Жалпы, атмосфера өзгерді, жақсы динамика бар. Тіпті жиі жауып жатқан жаңбыр да Алматы экологиясына жақсы әсер етуде», – дейді ол.

Өз кезегінде таза көлікті дамыту жөніндегі сарапшы Елена Ерзакович карантиннің ауа сапасына қалай әсер еткені туралы сұраққа жауап беру мүмкін еместігін атап өтті.

«Датчикті қолдану арқылы көліктердің экологияны ластауға қосатын үлесі туралы ешкім нақты айта алмайды. Төтенше жағдай кезінде азайған көлік қозағалысы арқылы да анықтау мүмкін емес. Ол үлкен көлемді мәліметтерді қажет етеді. Қазіргі уақытта қалада әртүрлі экологиялық санаттағы қаншама автокөлік бар. Олардың техникалық жағдайы қандай, жанармайдың қай түрін құяды, күніне қанша шақырым жүреді? Міне, осының барлығы есепке алынуы керек. Сондықтан мен біраздан бері ауаны ластайтын заттарға қатысты дауларға қатыспаймын. Қазір қала тұрғындарына өздерінің үлестері мен проблемаларын шешу жолдарын ұғынудың қаншалықты маңызды екенін түсіндіруді жөн көремін. Көлік және энергетика саласы арасында жауапкершілікті бөлісіп, жағдайды екі бағытта жақсарту үшін жұмысты жалғастыру қажет деп ойлаймын»,– дейді сарапшы.

«Қазгидромет» РМК Алматы филиалының мәліметінше, атмосфералық ауаға мониторинг 16 постта жүргізіліп отырады. Оның 11-і автоматты, 5-еуі қолмен іріктеледі. 31 наурыз бен 6 сәуір аралығында рұқсат етілген нормадан асатын 117 жағдай тіркелді.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика