Іле-Алатауы ұлттық паркінде сирек кездесетін Сиверс алма ағашының жүз көшеті отырғызылды | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Іле-Алатауы ұлттық паркінде сирек кездесетін Сиверс алма ағашының жүз көшеті отырғызылды

Дереккөз – www.inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Іле-Алатауы ұлттық паркінде орналасқан Аюсай тау шатқалында Алматы қаласының экологиялық қоғамдастық өкілдері Сиверс алма ағашының 100 көшетін отырғызды. Оны ғалымдар жер бетіндегі барлық алма ағашының ата тегі деп атайды.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Экология, геология және табиғис ресрустар министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Көшеттерді отырғызу акциясы Ұлттық парктерді қолдау қоғамдық қорының жетекшісі Сергей Спицынның бастамасымен ұйымдастырылды. Ол бұған дейін Іле-Алатау ұлттық паркінің түрлі шатқалдарында бірқатар жаяу жүргіншілер жолы, жаяу жүргіншілер көпірі және туристік инфрақұрылым нысандарын мемлекеттің қаражатынсыз орнатқан болатын.

Акцияға экологиялық қоғамдастықтың өкілдері қатысты. Олардың ішінде «Табиғат» Қазақстан қауымдастықтары мен кәсіпорындарының экологиялық одағының басшысы Мэлс Елеусізов, «Қазэкология» республикалық ғылыми-өндірістік және ақпараттық орталығының жетекшісі Амангелді Ыскақов секілді беделді экологтар, сонымен қатар табиғатқа бей-жай қарамайтын басқа да ел азаматтары бар.

Сиверс алма ағашы Іле Алатауында, Қазақстанның оңтүстігінде және шығысында бірнеше мың жылдан бері өседі, Қызыл кітапқа енген.

Экологтардың пікірінше, оны сирек кездесетін түр ретінде, еліміздің символы ретінде сақтау, одан әрі жандандыру және қорғау үшін көп жұмыс атқару қажет.

– Бүгінде көпшілігіміз ұлттық паркке баруды кәуап жейтін жер деп түсінетінімізді мойындауымыз қажет. Мұндай демалыстан кейін үнемі тау боп үйілген қоқыс пен кесілген ағаштар ғана қалатынына бәріміз куәміз. Ал ұлттық паркке барудың шетелдік тәжірибесі мүлде басқа. Бұл дегеніміз ең әуелі жануарлар мен өсімдіктердің тіршілігі туралы танып-білу, сондай-ақ жауапты экологиялық туризм», – деді Мэлс Елеусізов.

Осы ретте, акция барысында атап өтілгендей, жақын уақытта Іле-Алатауы ұлттық паркіне келушілермен тәрбие жұмысы ұйымдастырылмақ. Жақында Аюсай шатқалында заманауи және экологиялық таза сапарлау орталығы пайда болып, онда келушілерге ұлттық саябақта қандай өсімдік өсетіні, қандай жануарлар мекендейтіні туралы ақпарат беру жұмысы басталады. Балаларға арналған қызықты сабақтар мен ересектерге экскурсиялар ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, бұрыннан бар жақсы дәстүрлерді қайта жаңарту, соның ішінде айналма серуендеу жолын жасау жоспарлануда. Бұл жерде келушілерге маршруттың ұзындығы мен күрделілігі, навигациясы, демалу және көру алаңдары туралы барлық қажетті ақпарат ұсынылады. Сонымен қатар, барлық жол тегін болады. Сапарлау орталығына бару үшін қосымша ақы алынбайды.

– Біздің акциямыздың идеясы – жақын уақытта Ұлттық саябақтың сапарлау орталығының жанынан шатқалда Сиверс алма ағашы бағын өсіру. Келушілер осы жерде демалып, саябақ флорасымен таныса алар еді. Ал мектеп оқушыларына экологиялық білім беру сабағын өткізуге болады, – дейді Сергей Спицын.

Іле-Алатауы ұлттық паркінің питомнигіне отырғызу үшін көшеттер сатып алынды. Мұндағы ой – сирек кездесетін эндемикалық өсімдіктерді өсіру және қалпына келтіру.

Акция әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің қолдауымен өткізілді.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика