Ақпарат көзі – www.facebook.com
Бейсенбі күні Парламент Сенаты Көкжайлау шатқалы, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жері мен Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жерінің бір бөлігін ерекше қорғалататын табиғи аумақтарға қайтаруды көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Осылайша екі заң актісіне өзгеріс енгізілмек. Олар – Жер кодексі және “Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар” туралы Заң.
«Бұл өзгерістер негізінен Көкжайлау шатқалын, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жерін және Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жерінің бір бөлігін қайтарып алуға байланысты”, – деді заң жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты Роман Ким.
Құжаттың жаңа нормалары бұрын туризмді дамыту үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамынан шығарылып, қазір пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару процестерін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Өзгерістер қайтарылатын жерлердегі ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құны бар табиғи комплекстер мен табиғи қорық қорларын сақтап қалу мақсатында жасалып отыр.
Депутаттар заңға сонымен бірге табиғатты қорғау мекемелеріндегі көрсетілетін қызметтер аясын кеңейтетін түзетулерді де енгізді.