Ақпарат көзі – www.inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – UNESCO-ның Қазақстандағы «Адам және биосфера» бағдарламасының ұлттық резерваттар желісі екі жаңа резерватпен толықты, деп хабарлайы ҚазАқпарат тілшісі.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, UNESCO-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының (МАВ) Халықаралық үйлестіру кеңесінің 32-ші сессиясының отырысы 2020 жылдың 27 және 28 қазанында виртуалды форматта өтті.
Кездесуді өткізудің таңдалған форматы COVID-19 пандемиясына байланысты және кездесуге қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түрлі елдерден таңдалды.
Сессияға Қазақстан атынан UNESCO-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының Қазақстандық ұлттық комитетінің (МАВ) мүшелері Роман Ященко мен Виктория Ильина, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы Елшілігінің қызметкері Әлия Байсабаева қатысты.
«Аталмыш бағдарламаның Қазақстандық ұлттық комитеті карантин режиміне байланысты барлық қиындыққа қарамастан, UNESCO-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне қосу үшін 2 номинациялық дерекнама дайындады. Комитет мүшелері Алматы және Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорықтары әкімшілігі қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында Қазақстандағы UNESCO-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының биосфералық резерваттарының ұлттық желісі екі жаңа биосфералық резерватпен толықтырылды», делінген хабарламада.
Халықаралық деңгейде арнайы сараптамалық кеңес қазақстандық комитет ұсынған құжаттаманың «Адам және биосфера» бағдарламасының талаптарына сәйкестігіне баға беріп, UNESCO-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісінің биосфералық резерваттары ретінде Алматы және Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорықтарын мақұлдау мүмкіндігі туралы шешім қабылдады.
«Бүгінгі таңда UNESCO-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының биосфералық резерваттарының Қазақстандағы ұлттық желісінде 12 резерват тіркелген. Бұл Орталық Азияның басқа елдеріндегі биосфералық резерваттар санынан едәуір асып түседі. Осыншама биосфералық резерваттың танылуы Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтау мәселелеріне әлемдік қоғамдастықтың назарын аударатынын және оны болашақ ұрпақ үшін сақтауға ұмтылатынын айғақтайды», делінген хабарламада.
Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне әртүрлі елдердің аумағында орналасқан 24 биосфералық резерват қосылды. Соның бірі трансшекаралық қорық. Қазір Дүниежүзілік резерваттар желісіне әлемнің 129 елінің аумағында орналасқан 714 резерват кіреді.
UNESCO бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін ұлттық комитеттің қызметі туралы толығырақ мекеменің сайтынан білуге болады.