Ақтау маңында қоқиқаздарды видеоға түсірген авторға айыппұл салынбайтын болды | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Ақтау маңында қоқиқаздарды видеоға түсірген авторға айыппұл салынбайтын болды

Ақпарат көзі – www.gov.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қоқиқаздардың әдемі көрінісін көрсететін видеоны Қазақстан аумағында түсірген авторға айыппұл салынбайтын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, жақында әлеуметтік желіде Маңғыстау облысы аумағына ұшып келген қоқиқаздардың әдемі көрінісін көрсететін видео тарады.

Кейіннен видео авторы Азамат Сәрсенбаевты «Өсiмдiктер өсетiн жерлер мен жануарлардың мекендеу ортасын қорғау қағидаларын, зоологиялық коллекцияларды жасау, сақтау, есепке алу және пайдалану қағидаларын бұзу, сол сияқты жануарлар түрлерін заңсыз қоныс аударту, интродукциялау, реинтродукциялау» бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту әрекеті болғандығы туралы хабарланды.

Осы жайтты қарастыру кезінде А. Сәрсенбаевқа айыппұл салынбайтын болды. Видео авторымен профилактикалық шаралар жүргізілді.

Бұл жағдай бойынша Экология министрлігі Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Самал Ибраева түсінік берді.

«Бұл керемет бейне түсірілім отандық және әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Осы орайда түрлі елдердегі көп адамдар Қазақстанның табиғи әсемдігіне тамсанғанын байқадық. Шынымен де, осындай әсемдік баршамызды таңғалдырып, биоалуантүрлілік үшін қуанышты болдық. Дегенмен көптеген елдер азаматтарын қызықтырған осындай фотосуреттер, видео үшін авторға қатысты неліктен санкция салу мүмкіндігі болғанын көпшілік түсінбеді. Бұл тұрғыда қорықтар мен қорғалатын аумақтарда видеоға түсіруді реттейтін заңнама нормалары бар», – деді С. Ибраева.

Оның айтуынша, аталған аумақтарда түсірілім жүргізу үшін тиісті рұқсатты алу керек. Екіншіден, қорғалатын жерлерде жануарлар мен құстарды мазаламас үшін бекітілген ережені ұстану қажет. Өйткені қоқиқаз өте сақ құс болғандықтан, қауіпті сезінген кезде ұясын тастап кетуі мүмкін. Сонымен қатар, видеоны дронмен түсіру кезінде тиісті арақашықтықты сақтау ережесі ескерілмеген.

«Сондықтан аталған аумақтарда видео түсіру жоспары болса, баспасөз қызметіне хабарласқан жөн. Біз өтінімді қарап, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен келіскенен кейін, рұқсат беру бойынша жауап береміз. Әрине, бұл процесті жергілікті жерлерде инспекторлар қадағалайды», – деп түсіндірді ол.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика