2021 жылғы 1 қазанда Түркістан қаласында «Өңірлік ынтымақтастық және көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу үшін бірлескен іс-қимылдар жолдары» атты бірінші Орталық Азия форумының ашылуы өтті.
Іс-шараның ашылуына ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев қатысты. Министр өз сөзінде Қазақстан үшін климаттың өзгеруіне күрес басым бағыт болып табылатынын атап өтті.
«Климат жөніндегі Париж келісіміне қосылу арқылы Қазақстан атмосферадағы парниктік газдардың құрамын төмендету бойынша алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін бар күш-жігерін салуға міндеттенді. Осыған байланысты тиісті инфрақұрылым құру және «жасыл» технологиялар нарығын дамыту қажеттілігі туындады. Бұл үшін біз бірқатар заңнамалық құжаттарды, соның ішінде Экологиялық кодекстің жаңа редакциясын, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы заңды қабылдау арқылы институционалдық негіз қаладық. Парниктік газдар шығарындыларын реттеу саласындағы заңнама жетілдірілді, оның ішінде климаттың өзгеруіне бейімделу туралы жаңа тарау әзірленді», – деді Серікқали Брекешев.
Форумды Әлия Назарбаеваның төрағалығымен Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы ұйымдастырды. Форум жұмысына қоғам өкілдері, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан Парламентінің, Германия елшілігінің, халықаралық ұйымдардың депутаттары, бизнес және экологиялық қоғамдастық өкілдері қатысты.
Форумның панельдік сессияларының алаңдарында қатысушылар климаттың жылынуының салдарлары мен қатерлері, көміртекті бейтараптықты іске асырудың артықшылықтары, кедергілер мен тосқауылдар мәселелерін талқылайды, сондай-ақ «жасыл» жобаларды іске асырудағы табысты тәжірибелерімен бөліседі.
Форум қорытындысы бойынша Орталық Азиядағы көміртегі бейтараптығына бірлесіп қол жеткізу жөніндегі Декларацияға қол қойылады.