Сенат Каспий теңізін қорғауға қатысты заңды қабылдады | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Сенат Каспий теңізін қорғауға қатысты заңды қабылдады

2018 жылғы 12 тамызда Ақтау қаласында өткен Бесінші Каспий саммитінің қорытындысы бойынша Каспий маңы мемлекеттерінің басшылары Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға биологиялық әртүрлілікті сақтау туралы Хаттаманың күшіне енуі үшін мемлекетішілік келісу рәсімдерін өткізу туралы шешім қабылдады.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мақұлдаған және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қарауына енгізілген «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға биологиялық әртүрлілікті сақтау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң жобасы әзірленді.

2021 жылғы 14 қазанда ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі
С.А. Брекешев Каспий теңізінің биологиялық әртүрлілігін сақтау туралы хаттаманың негізгі ережелері туралы баяндама жасады.

Хаттамада көзделген шаралар Каспий теңізінің экожүйесін сақтау жөніндегі бес Каспий маңы мемлекеттерінің ынтымақтастығын күшейтеді.

Хаттаманың қабылдануы жануарлардың қорғалатын түрлеріне және олардың мекендеу орындарына теріс әсер етудің алдын алу жөніндегі олардың бірлескен қызметін реттеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте құрып кету қаупі төнген түрлердің мекендеу орындарын қорғау мақсатында теңіз ортасында және жағалау аумағында қорғалатын аудандарды бөлуге болады.

Сонымен қатар, Каспий маңы елдері теңіз ортасының ластануын болдырмау бойынша бірлесіп табиғат қорғау шараларын қабылдай алады, сондай-ақ Каспий теңізіндегі құрылыс немесе іздестіру жұмыстарына байланысты қызметті реттей алады.

Жалпы отырыс барысында «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға биологиялық әртүрлілікті сақтау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң жобасы бірауыздан қабылданды.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика