2016 жылдың 3 маусымында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінде Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне және Қазақстандағы Экологтар күніне арналған салатанатты жиын өткізілді.
Өзінің алғысөзінде энергетика министрі Қанат Бозымбаев қоршаған ортаны қорғау заңнамасы саласындағы жаңалықтарға тоқталып өтті.
«Бірталай халықаралық келісімдерге (Озон қабаты бойынша Монреаль хаттамасы, Каспий теңізінің су және биологиялық қорын сақтау бойынша келісім), экологиялық мәселелер және төменкөміртекті «жасыл экономика» бойынша заңдарға қол қойылды. Бұл қол қойылған халықаралық құжаттар біздің экологиялық заңнаманы жақсартуға мүмкіндік берді, бұдан былай халықтың қоршаған ортаны қорғауға қатысты мәселелер бойынша ақпаратқа және әділ сотқа қол жеткізуге толық мүмкіндігі бар деп айтуға болады. Экология және табиғатты пайдалану мәселелері бойынша қабылданатын шешімдердің ашықтығы қамтамасыз етілді. Экологияға тікелей қатысы бар жобаларды іске асыру барысында заңнамалық деңгейде міндетті түрде қоғамдық кеңесті өткізу шарасы бекітілді. Сонымен қатар Парниктік газдардың шығарындыларына квоталарды бөлу жөніндегі ұлттық жоспарды қалыптастыру бойынша енгізіліп жатқан өзгерістер парниктік газдардың шығарындыларына тиімді квота бөлу жүйесін және квотаның ішкі саудасын енгізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
Салтанатты жиын барысында министрліктің қызметкерлері, Үкіметтік емес ұйымдардың және БАҚ өкілдері, ғылым қызметкерлері, ұстаздар және жоғарғы оқу орындарының студенттері және т.б. қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне белсенді қатысқаны үшін құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен және «Экология саласының үздігі» ведомстволық медалімен марапатталды («Экология саласының үздігі» ведомстволық медалімен – 20 қызметкер, құрмет грамотасымен – 33, журналистерден құрмет грамотасымен «ҚазТАГ» ХАА Астаналық бюросының басшысы Асхат Ахметбеков және 24 KZ каналындағы «Жасыл экономика» бағдарламасының редакторы Жазира Окубаева марапатталды, алғыс хаттар 35 қатысушыға табысталды).
Анықтама ретінде: Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қоршаған ортаны қорғау және жақсарту қажеттілігін қоғамның санасына тереңірек ұғындыру мақсатында БҰҰ Бас ассамблеясымен 1972 жылдың 15 желтоқсанында бекітілген болатын.
Өткізу күні 5 маусым болды, оған себеп, дәл осы күні Адамның қоршаған ортасы мәселелері бойынша БҰҰ-ның конференциясының ашылуы болды (Стокгольм, 1972 жыл), конференциядан кейін Қоршаған ортаны қорғау бойынша БҰҰ-ның бағдарламасы құрылды (ЮНЕП).
ҚР ЭМ Баспасөз қызметі