Астанада орман шаруашылығын жаңғырту мәселелері бойынша семинар өткізілді | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Астанада орман шаруашылығын жаңғырту мәселелері бойынша семинар өткізілді

2014 жылдың 24–25 сәуірінде Астанада «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығы мен Қазақстан Республикасы қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің бірлесіп, орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің аумақтық бөлімшелері мен бағынысты ұйымдары басшылары мен қызметкерлерін оқыту бойынша биылғы жоспар-кестесіне сәйкес,  елімізде орман шаруашылығын жаңғырту мәселелерә жөніндегі семинар-тренинг өткізді.

Семинар мақсаты – орман және аңшылық шаруашылығы комитеті мамандарының «жасыл» экономика және орман шаруашылығын тиімді басқару саласындағы әлеуетін арттыру. Тақырыптың өзектілігі Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі Тұжырымдамасы мен елдің орман секторындағы түбегейлі өзгерістерді көздейтін  міндеттерге негізделді.

Семинар жұмысына Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Үстеміров қатысып, орман шаруашылығы саласын жаңғыртуға байланысты міндеттерді іске асыру мақсатында ағымдағы жылы 2020 жылға дейін орман секторын дамыту бағдарламасы қабылданатындығы туралы мәлімдеді. Бағдарламада орман ресурстарын сақтау, ормансыздануды бақылау, орман шаруашылығын басқарудың қазіргі әдістерін енгізу, орман секторының инвестициялық  тартымдылығын  арттыруға бағытталған жобаларды әзірлеу мен іске асыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.

Орман шаруашылығын дамыту мен елдің биоалуантүрлілігін сақтау – ҚР ҚОСРМ-нің Еуропалық  Одақпен және бірқатар халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық нысаны екендігі туралы Еуропалық Одақтың  Қазақстандағы өкілдігінің техникалық жәрдемдесу бөлімінің басшысы  Жан-Луи Лаврофф мәлімдеді. Ол Еуроодақтың орманды көбейту мен орманды қалпына келтіру жобаларын іске асыруға қолдау көрсететіндігін атап өтті.

Семинар бағдарламасы аясында «Жасыл Академия» ҒБО директоры, э.ғ.д., профессор Бақыт Есекина қатысушыларды «жасыл» экономиканы дамытудың халықаралық тәжірибесі мен Қазақстанда оны іске асырудың алғы шарттарымен таныстырды.

Орман селекциясы, орманды қалпына келтіру және орманды көбейту үрдісін ғылыми қамтамасыз ету мәселесі, экотуризмді дамыту мен ЭКСПО-2017 көрмесіне  дайындық жайлы Орман шаруашылығы ҚазҒЗИ, ҚР ИЖТМ туризм индустриясы комитеті,  EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау мен өткізу жөніндегі дирекциясының өкілдері баяндады.

Семинардың практикалық бөлігінде қатысушылар Қазақстанда орманды қалпына келтіру мен ормансыздану саласында іске асырылып жатқан FLERMONECA жобасымен танысты. Қазіргі кезде осы жобаның орман селекциясы, ормансыздануға қарсы тұру, орман шаруашылығын тиімді басқару мен орманды қалпына келтіруді қамтитын компоненті бойынша Қазақстандағы іс-шаралар жоспары әзірленуде. FLERMONECA жобасы компоненттерінің Қазақстандағы өкілдері жобаның аясында халықаралық тәжірибеде жүзеге асырылған нақты іс-қимылдар арқылы оның мақсат-міндеттерімен таныстырды.

ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметі

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика