ҚазАқпарат– Астанада Назарбаев Университетіне қарама-қарсы EXPO-қалашық құрылысы басталды. Бүгін Мемлекет басшысы көрме кешенінің іргетасына капсула салды.«Біз бүгін EXPO-2017 нысандарының құрылысын бастап кеттік. Аса маңызды нысан. Осы жылдар ішінде мен Астанада көптеген нысандардың құрылысын бастаған болатынмын. Елорда тамаша қалаға айналды. 2017 жылы Астанаға жиырма жыл толады, бұл EXPO-2017 көрмесімен тұспа-тұс келеді. Мұндай нысанды біз әлі салған емеспіз. Түптеп келгенде, бұл Астананың жаңа орталығы болады. Мұнда бұрын-соңды тұрғызылмаған бірегей және айшықты, инновациялық, жаңа нысандар салынады», – деді ҚР Президенті капсуланы салу рәсімінде.
Оның айтуынша, нысандарды салу барысында бірегей сәулеттік шешімдер мен технологиялар қолданылады. Көптеген нысандар «жасыл» энергиямен қамтамасыз етіліп, ғалымдардың, жастардың зертханалары орын теппек.
«Жаңа технологиялар мен жаңалықтарды ашу үшін Назарбаев Университетінің студенттеріне қызмет ететін база болмақ», – деді ол.
Сонымен қатар, көрме өтетін аймақта 4 мың тұрғын үй, жаңа қонақ үйлер, конгресс-холл, жабық қала салынады. Басты павильон диаметрі 80 метрге дейін жететін шар тәріздес ғимаратта орналасады. Жалпы биіктігі 100 метрге жетеді. Сондай-ақ оның айналасында үлкен аллея көрік беріп тұрады.
«Мұнда сан мыңдаған құрылысылар жұмыс істейді. Біздің шағын және орта бизнес көптеген жаңа жұмыс орындарын ашадыжәне өз үлесімізді қосатын мүмкіндік болады. Біз мұнда негізінен отандық мердігерлердің құрылыс жүргізуіне жағдай жасауға тырыстық», – деп атап өтті Президент.
Ол үшін Елбасы қазақстандық кәсіпкерлер өздерінің деңгейлерін көтеріп, асқан ыждаһаттылық пен сапалы жұмыс көрсетулері шарт деп есептейді.
«Бүгін біз бұл жұмысты бастадық. Бұл міндетті әдеттегідей сәтті атқарып, Астана мен Қазақстанды жаңа сапалық деңгейде барша әлемге көрсетеміз деп ойлаймын. Барлық нысандарда өте көп еркітілер болады. Көрмеден бөлек, біз ол жерде өзіміздің көпұлтты мәдениетімізді, тарихымызды, өнерімізді паш етуіміз керек. Бұның барлығы Үкіметтен, Астана әкімдігінен, барша министрліктерден үлкен жұмысты талап етеді. Міндет өте ерекше әрі ауқымды, бірақ біз оны орындаймыз», – деді Н.Назарбаев.