2014 жылдың 19 сәуірінде Қазақстанда ҚР қоршаған орта және су ресурстары министрлігі мен «Орнықты даму» Жер Қоры» қоғамдық ұйымы ұйымдастырған «Ұлттық орман отырғызу күні» атты республикалық экологиялық акциясы өтті.
Акцияға мемлекеттік органдар мен жеке кәсіпорындардың жұмыскерлері, үкіметтік емес, қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Оларға табиғатты қорғау ұйымдары мен мемлекеттік орман иеленуші кәсіпорындардың мамандары көмек көрсетті.
Астанадағы акция бүкіл қалалық сенбілікпен қатар жүргізілді. Оған Қазақстан Республикасының қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров пен ведомствоның 200 жуық қызметкері қатысты.
«Бүгінгі акцияға 100 мыңнан астам қазақстандық қатысады. Республика бойынша 600 мыңнан астам ағаш отырғызылмақ. 2012 жылы «Рио+20» саммитінде әлемде 2017 жылға дейін 100 миллион ағаш отырғызу бастамасы қолдау тапқан болатын. Бүгінгі акцияны өткізіп, біз осы бастамаға іс жүзінде қосылып отырмыз»,- деп, Н. Қаппаров қазақстандықтарды осы экологиялық шараға белсенділікпен қатысуға шақырды.
Сонымен қатар министр Алматы тұрғындарының дауыл салдарынан зардап шеккен Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында Шренк шыршасының 10 мың көшетін отырғызғандығын мәлімдеді.
2011 жылғы дауыл ұлттық парктың 731 гектар алқабын қамтып, жалпы көлемі 246 мың кубометр құраған ағаштарды құлатқан болатын. Өткен 3 жылда ұлттық табиғи паркі аумағының 448 га алқабында 86,8 мың кубометр ағаш жиналды. Осы мерзім ішінде орманды қалпына келтіру жұмыстары ауданы 45,6 га алқапта жүргізілді.
2014 жылы дауыл құлатқан ағаштар 92 га алқапта жиналады. Нәтижесінде 15 мың кубометр ағаш жиналмақ.
Дауылдан зардап шеккен учаскелерде ағаш отырғызу 2014-2015 жылдардың көктемгі айларында жүргізіледі.
Анықтама:
Қазақстандағы орман қорының жалпы ауданы 28 млн. 786 мың га немесе ел аумағының 10,6% алып отыр. Ағаш өскен алқаптар 12 млн. 452 мың га немесе орман қоры жерлерінің ауданының 43,3% құрайды. Орман-тоғайлылық үлесі 4,6 пайызды құрап отыр.
123 орман мекемесіне тиесілі 22 млн. 800,6 мың га орман немесе жалпы орман қоры аумағының 79 пайызы облыс әкімшіліктерінің қарамағында.
ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметі