ҚазАқпарат – VII Астана экономикалық форумының жұмысына қатысуға Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасынан мемлекеттік органдар мен ірі жеке бизнес өкілдерінің тобы келеді.
Әбу-Дабидегі Қазақстан Елшілігінің хабарлауынша, соңғы бірнеше жылда Біріккен Араб Әмірлігі халықаралық елеулі оқиғаға айналған Астана экономикалық форумының жұмысына қатысып келеді.
Астана форумы Қазақстан мен Әмірлік арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуде қолайлы пікір алмасу алаңына айналды. БАӘ-де ҚР Елшісі Қайрат Лама Шәріппен өткен кездесуде әмірлік делегациясының басшысы, осы елдің қоршаған орта және су ресурстары министрі Рашид Ахмед бен Фахд қазақстандық тараппен қоршаған ортаны қорғау саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға дайын екендігін мәлімдеді.
БАӘ орталық банкі төрағасының орынбасары Саид әл-Хамид өз кезегінде ҚР Ұлттық банкінің басшылығымен ынтымақтасудың өзара қызығушылықтарына байланысты мәселелерді қарастырмақ.
Ал БАӘ энергетика министрінің орынбасары Фатима аш-Шамси мен «Парасат» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ басқарма төрағасы А.Зейнуллиннің арасындағы келіссөздердің басты тақырыптары – Президент Н.Назарбаевтың ауқымды энергоэкологиялық стратегиясы мен «жасыл көпір» бойынша бастамаларын бірлесіп жүзеге асыру, сонымен бірге БАӘ-нің жаңартылған энергия көздері саласында «Парасат» жобаларына қатысу перспективалары болады.
Әмірлік делегациясының құрамына сонымен бірге БАӘ СІМ энергетика және климаттың өзгеруі департаментінің директоры, доктор Тани Ахмед аз-Зиюти мен Астана саммитінің әлемдік энергетика жетекшілерінің спикерлерінің бірі болып табылатын атом энергетикасы корпорациясының президенті Мұхаммед әл-Хаммад кірді.
Форумда Әмірліктің «ІРІС» инвестициялық компаниясын оның бизнесті дамыту менеджерлері Мұхаммед әл-Камзи мен Абдалла ас-Суэйди таныстырады. Айта кету керек, «ІРІС» компаниясы «Фаллах» бірлескен инвестициялық қорының құрылтайшысы болып табылады. БАӘ инвесторларынан тартылған қаржы көлемі 500 млн. АҚШ долларын құрады.
Бүгінгі таңда қор еліміздегі көлемді екі келісімді инвестициялады. Олар – Қарағанды қаласындағы ЖЭС-3 әлеуетін кеңейту және Алматы облысындағы құс фабрикасын дамыту.
Қазіргі таңда ҚР агроөнеркәсіп кешенінің зор әлеуеті әмірліктің мемлекеттік және жекеменшік компанияларының қызығушылығын тудырды. 2015 жылы екіжақты сауда катализаторы ретінде Түркіменстан, Иран арқылы Әмірліктің ірі теңіз порттарына дейін жететін «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі болмақ. АЭФ жұмысының аясында Әмірліктің еркін экономикалық аймағының бас менеджері Аджман Махмұд әл-Хашеми әлеуетті қазақстандық әріптестерімен логистика бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруда байланыс орнатуға ниетті.