Қазақстан және БАӘ қоршаған ортаны қорғау саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Қазақстан және БАӘ қоршаған ортаны қорғау саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

2014 жылдың 22 мамыры күні Қазақстан Республикасы қоршаған орта және су ресурстары минстрі Нұрлан Қаппаров Біріккен Араб Әмірліктері қоршаған ортаны қорғау және су министрі Рашид Ахмед бин Фахдпен кездесті.

Сонымен қатар, кездесуге Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Лама Шариф қатысты.

Кездесу барысында қоршаған орта саласында екіжақты ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Тараптар екі ел ведомстволарының ықпалдастығының жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдер негізінде жүзеге асырылатындығын атап өтіп,   ынтымақтастықтың одан әрі дамыту әлеуетінің зор екендігін айтты.

Табиғатты қорғау ведомстволарының басшылары «жасыл» экономикаға көшу аясындағы ынтымақтастықты дамыту, оның ішінде жаңартылатын энергия көздері, су ресурстары мен тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару салаларына инвестиция және технологиялар тарту мәселелерін талқылады. Осы тұрғыда Н. Қаппаров білім мен тәжірибе алмасуын, үздік технологиялар трансферті мен «жасыл» жобалардың қаржыландырылуын «Жасыл Көпір» серітестік бағдарламасы аясында жүргізу тиімділігін атап өтіп, Біріккен Араб Әмірліктерін Бағдарламаның Хартиясына қол қойған елдер қатарына қосылуға шақырды. Сонымен қатар Н. Қаппаров Біріккен Араб Әмірліктерін «Астана EXPO-2017» халықаралық көрмесіне қатысып, өз жетістіктерін көрсетуге шақырды.

Өз кезегінде Рашид Ахмед бин Фахд Қазақстанда ЖЭК, теңіз суын тазарту мен тұщыландыру, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу мен «жасыл» экономиканың өзге де салалары бойынша жобаларды жүзеге асыруға қызығушылықтың бар екендігін жеткізді. Ол Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің  стратегиялық даму мақсаттарының ұқсас екендігін айта келе, БАӘ  «Жасыл Көпір» Серіктестік бағдарламасының қатысушысы атануға дайын екендігін хабарлады. Сонымен қатар министр елінің «EXPO-2017» көрмесінің жұмысына қатысатындығын білдірді.

Сонымен қатар экология министрлері жануарлар әлемін ұдайы өсіру ісіндегі ықпалдасыдың, мысалға, Оңтүстік Қазақстан облысындағы жылына 5000 дуадақ өсіру мүмкіндігі бар орталығының құрылысы жобасының жүзеге асырылуы (2009 – 2013 жж. аралығында Қазақстан табиғатына БАӘ тәлімбабақтарында өсірілген 1100-ден астам дуадақ, ал 2014 жылы 2000 дуадақ жіберілді) және сұңқарларды табиғат аясына жіберу (2009 – 2013 жж. аралығында БАӘ тәлімбақтарында өсірілген 340 сұңқар, ал 2014 жылы 119 лашын мен ителгі ұшырылды) сынды жобалардың сәтті жалғасуын атап өтті.

Келіссөздер соңында Нұрлан Қаппаров пен Рашид Ахмед бин Фахд Қазақстан Республикасы қоршаған орта және су ресурстары министрлігі мен БАӘ қоршаған ортаны қорғау және су министрлігінің арасында қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара түсінушілік меморандумына қол қойды. Бұл құжат стратегиялар, бағдарламалар мен жобаларды дайындауда және жүзеге асыруда, ақпарат алмасудағы ықпалдастықта, зерттеулер ұйымдастыруда, шөлейттенуге қарсы күрес жүргізуде, су ресурстарын басқару, қорғау және тиімді қолдануда, сондай-ақ, атмосфералық ауаны ластанудан қорғауда бірлесіп жұмыс істеуге жағдай жасалуына ықпал етеді.

ҚР ҚОСРМ баспасөз қыметі

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика