Павлодарлық картоп өсірушілер отандық көкөністің жаңа сұрыптарын көбейтпек | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Павлодарлық картоп өсірушілер отандық көкөністің жаңа сұрыптарын көбейтпек

Дереккөз: www.24.kz

92c2d5e95a4326fe39b148465f886bc6_l

Жердің жайын білетін еңбекқор шаруалар мен диқандар ауыл шаруашылығы форумында бас қосты.

«Дала күні» мерекесі аясында өткен шара барысында сала мамандары мен ғалымдар тобы картоп шаруашылығының бүгіні мен ертеңін сарапқа салып, толғандырған мәселелерін талқылады.

Форум картоп шаруашылығындағы көшбасшы кәсіпорында ұйымдастырылды. Тұқым шаруашылығын қатар тізгіндеген нысан соңғы жылдары көкөністер мен картоптың жаңа сұрыптарын айналымға енгізген. Отандық өнімдер нарықта өз орнын ойып алған. Былтырғы жылдан бері техникалық өсімдіктердің алқаптарын ұлғайтқан.

Виктор Сұлтанов, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

– Өзіміздің отандық сұрыптарды көбейту керек. Отандық сорттарды көріп тұрсыздар, бұлар сорттардан қалып тұрған жоқ. Бойы да, ойы да, барлық жағынан артық болмаса, кем емес.

Бүгінгі таңда шаруашылықтардың көбі шетелдік селекциядағы көкөністерді өсіреді. Дегенмен ғалымдар үздік технологияларды қолдану арқылы шеттен келген тұқымдарды ығыстыруға ниетті. Ең бастысы, картоптың сапалы сұрыптарын шығаруға мүмкіндік зор. Мол өнім алуға сеп болатын заманауи техникаға да басымдық беріледі.

Темірболат Қабыкенов, облыстық ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:

– Биыл қазақстандық картоптың 10 сұрыбын ұсындық. Көкөніс өнімділігі мен салмағы жағынан шетелдік селекциядағы өсімдіктерден кем емес.

Александр Поляков, шаруа қожалығының директоры:

– Мемлекет қолдауының арқасында өндірістік қабілеті мол техникаға қол жеткіздік. Бағасы қолжетімді техниканың көмегімен өнімділігімізді арттырып жатқан жайымыз бар.

Шаруалар қауымы форум барысында зиянкестермен күрес, кәсіби мамандардың жетіспеушілігіне алаңдаушылық білдірді. Бүгінде өңірдің ауыл-аймақтарында гидромелиоратор, агрономдар мен механизаторлар тапшы.

Болат Бақауов, облыс әкімі:

– Диқандармен әңгімелестім. Салада күрмеуі қалың мәселелер бар. Бізге ескі модельдегі арнайы техникаларды меңгерген механизаторлар керек емес екенін түсінеміз. Сондықтан салаға қажет құрал-жабдықтарды тасымалдайтын кәсіпорындар жергілікті колледжер базасында мамандарды оқытуға әзір.

Алдағы уақытта өңірдің картоп өсірушілері отандық көкөністің жаңа сұрыптарын көбейтпек. Ірі кәсіпорындар суармалы егін шаруашылығын барынша дамытпақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Алексей Омельницкий

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика