ОҚО-да асылтұқымды мал шаруашылығы дамып келеді | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

ОҚО-да асылтұқымды мал шаруашылығы дамып келеді

Дереккөз: www.24.kz

Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданында асылтұқымды мал шаруашылығы күн санап дамып келеді.

Мысалы, бір ғана Амантай Шымбергеновтің шаруа қожалығында бүгінде төрт түліктің бәрі бар. Енді келесі жылдан бастап асылтұқымды бұқаларды бағады.

Қорасын төрт түлікке толтырған шаруа Амантай бұл жетістікке бір күнде жетпеген. Қазір өрісте екі мыңнан аса қойы жайылып жүр. Оның 1200 аналық бас. Шопан үшін мал тұқымын асылдандыру – бірінші кезектегі іс. Елде кездесе бермейтін қошқарларды да сол үшін ұстайды. Десе де шаруаны жайылым жайы ойландырмай қоймайды. Себебі өзіне тиесілі 200 гектар жер көп малға аздық етуде.

Амантай Шымбергенов, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Жайылым жағы тарлау. Жем-шөп, азық-түлік жетіспей жатыр. Өзіміздің бар жерімізді орып жатырмыз. Бізге жайылым болса…

Шаруақожалық мал басын көбейту үшін 6%-бен жеңілдетілген несие алған. Елдегі «Сыбаға» бағдарламасын өркендетуге де өз үлесін қосып келеді. Ал Амантайдың ендігі мақсаты – бордақы алаңдарын ашу. Ол үшін қаржы кепілсіз берілсе дейді.

Амантай Шымбергенов, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Несие кепілсіз берілсе. Біз дамытсақ. Халыққа қызмет жасасақ. Бордақы байлап, оны сойып, үкіметтің субсидиясын алсақ.

Бәйдібек ауданында бүгінгі таңда асылтұқымды ірі қара ұстайтын 3 шаруашылық бар. Биыл таулы өңірдің халқы мал басын арттырыпты. Жалпы, ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 104%-ды құраған. Бақытжан Керімжанов,

Бәйдібек аудандық ауыл шаруашылығы бөлім басшысының орынбасары:

– Бізде шарушалар сүттен гөрі ет бағытына көңіл бөліп отыр. Өйткені етке сұраныс көп. Бағасы тұрақты өсуде. Сүт бағыты мал азығын көп талап етеді. Сүт алу үшін. Оған көп қаражат кетеді.

Бұл серіктестікте қазір 15 адам еңбек етеді. Қожалық малдан бөлек диқаншылықпен де айналысады. Бидай, жоңышқа егіп, жаз бойы мал азығын дайындайды. Ең бастысы, шаруа үшін төккен тер ақталса игі.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика