Мәжіліс жаңа Экологиялық кодекс жобасын екінші оқылымда мақұлдады | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Мәжіліс жаңа Экологиялық кодекс жобасын екінші оқылымда мақұлдады

Ақпарат көзі – www.gov.kz

ҚР Парламенті Мәжілісі сәрсенбідегі пленарлық отырыста жаңа Экологиялық кодекс жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Жоба Сенаттың қарауына жіберілді.

Екінші оқылымда Мәжіліс депутаттары редакциялық және нақтылау мәніндегі бірқатар өзгерістер енгізген. Сонымен бірге, ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу бойынша ұлттық анықтамаларды жасау ережелерінің нормалары күшейтілді. Енді мұндай анықтамалар ұлттық стандарт түрінде емес, Үкімет деңгейінде бекітіледі.

Осыған қоса, экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасында тек іс-шаралар күнтізбесі емес, эмиссияларды кезең-кезеңімен төмендету күнтізбесі мен бағдарламаның орындалуын министрлік тарапынан жыл сайынғы тексеру нормалары болуы тиіс. Дей тұрғанмен, іс-шаралардың кей кезеңдерін 1 жылға дейінгі мерзімге кейінге қалдыруға мүмкіндік бар.

Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасының операторы ереже бұзса және оны қалпына келтірмесе, рұқсаты автоматты түрде тоқтатылады. Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасын қайта қарау процедурасы ашық болу үшін міндетті қоғамдық тыңдау қарастырылған.

Тау-кен және металлургиялық кәсіпорындар жұмысының тоқтап қалу тәуекелін болдырмас үшін осындай кәсіпорындардың бұрын салынып қойған қалдықтарды орналастыру нысандарына Кодекстің кей нормаларын 2036 жылға дейін қолданысқа енгізуге рұқсат беріледі. Дегенмен мұндай нысандарды кеңейтуге тек қоршаған ортаға әсерді бағалау, экологиялық рұқсаттама және тұрақты мониторинг операторының қоршаған орта компоненттеріне әсерді бағалау процестерінен өткеннен кейін ғана мүмкіндік туады.

Эмиссиялардың автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу 2023 жылға дейін кейінге қалдырылып отыр.

Алдында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Экологиялық кодекс жобасында ластаудың алдын алып, бақылау жүргізуге бағытталған «ластаушы төлейді» принципі бар екенін айтқан.

«Экологияға зиян келген жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны бастапқы қалпына қалта келтіруге міндетті», – деген ол.

Экологиялық кодекстің маңызды нормаларының бірі – ірі кәсіпорындардың ең озық қолжетімді технологияларды енгізуге міндеттелуі.

Сонымен қатар заң жобасында жергілікті атқарушы органдар экологиялық төлемдерді 100% көлемінде табиғатты қорғау іс-шараларына жұмсайтыны жазылған.

Мәжіліс екінші оқылымда Кодекспен қатар, бірнеше ілеспе заңдарды да мақұлдады. Ілеспе заң жобасы халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін әрекеттерді жою үшін алдын ала ескертусіз тексеруге шығуға мүмкіндік беретін өзгерістерді, қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу, утилизациялау және көзін жою қызметінің лицензиялау ережесін енгізуді көздейді. Қалдықтарды тасымалдау бойынша ескерту тәртібі енгізіледі.

Ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуге кешенді экологиялық рұқсат алған жаңа нысандарды эмиссия төлемдерінен босату нормалары да қарастырылған. Осыған ұқсас механизм жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар үшін де көзделіп отыр. Олар эмиссия төлемдерінен босау үшін экологиялық тиімділік бағдарламасын жүзеге асырып, ең үздік қолжетімді технологияларды енгізулері тиіс.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика