Дереккөз: www.24.kz
«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Жамбыл облысына барды. Жұмыс сапары барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед еліміздегі ең ірі жел электр станциясының жұмысымен танысты. Сондай-ақ жергілікті шаруалармен кездесіп, ірімшік зауытында болды. Тараз қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс алаңын көрді.
Қазақстандағы ең ірі жел электр станцияларының бірі Жамбыл облысында орналасқан. Мұнда жылына 50 миллион кВатт/сағатқа дейін электр қуатын өндіреді. Бұл өңірдегі 150 мыңға жуық халқы бар Қордай ауданын толық электр энергиясымен қамтамасыз етуге жеткілікті. Жалпы құны 12 млрд теңгені құрайды. Жоба Индустриалдандыру картасы мен «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландырылған.
Марат Тоқбаев, ЖШС өндіріс жөніндегі директорының орынбасары:
– Жобаның жүзеге асырылуы өңірдегі электр қуаты тапшылығын төмендетуге мүмкіндік берді. Қосымша жұмыс орындары ашылды. Жергілікті бюджет түсімі артты. Қазір жалпы еліміз бойынша баламалы энергия көздерінен өндірілетін электр қуаты 3 пайызды құрайды. 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті 20 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз.
Жамбыл облысында ауыл шаруашылығына ерекше басымдық берілген. Былтыр облыс шаруалары жалпы құны 200 млрд теңгеден астам қаржыны құрайтын ауыл шаруашылық өнімдерін өндірді. Сапар барысында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары «Меркі ірімшік зауытына» арнайы барды. Бұл кәсіпорын аймақтағы 70-тен астам сүт өнімдерін өндіретін жалғыз зауыт. Оның тағы бір ерекшелігі құрамына 40 шаруа қожалықты біріктіріп отырғандығын айта кеткен жөн.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
– Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақстанның барлық өңірлерінде ауыл шаруашылығын дамыту үшін миллиардтаған қаржы бөлініп жатыр. Бұл қаражаттарды + тек кооперацияға біріккен кезде ғана тиімді пайдаланады. Ірімшік зауыты 40-қа жуық кооператорлардың басын біріктіріп үлкен кооперация құрып, соның негізінде өнім өндіруді де, оның сапасын жақсартуды да, нарыққа шығаруды да биік дәрежеге көтеріп отыр екен.
Өңірде құрылыс жұмыстары да қарқын алған. Оған тартылған инвестицияның көлемі 32 пайызға артып отыр. Саланың айтарлықтай серпін алуы «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының басталуымен тікелей байланысты. Партия төрағасының бірінші орынбасары «Арай» тұрғын алабында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарына ат басын бұрды. Жоспар бойынша мұнда 19 көп пәтерлі үй тұрғызылмақ.
Бақытжан Жидебай, құрылысшы:
Үй алып жатқан кісілердің бәрі қуанып жатыр ғой. Үйдің сапасы жақсы. Осының арқасында бәріміз жұмысты болып жатырмыз. +Әрбір қазақстандық отбасын пәтермен қамтамасыз ету саясатын қолдай отырып, халыққа қуаныш сыйлап жатырмыз.
Астаналық мейман партияның облыстық активінің басын қосты. Елбасы ұсынған экономикалық және саяси реформалардың мәні мен маңызын халыққа түсіндіру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Артынша студент жастар мен оқытушы-профессорлар құрамымен кездесті. Шара барысында Президенттің рухани жаңғыру жөніндегі бағдарламалық мақаласында айтылған басым бағыттарға ерекше көңіл бөлді.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә
Дереккөз: www.24.kz
Оңтүстік Қазақстан облысында елден ерек қарқынды бау егіліп жатыр. Басқалардан өзгешелігі бұл ерекше бақта тұт өсіріледі. Көшеттерді жергілікті бағбандар жабайы өсімдік тамырына будандастырып жасаған. Жеміс ағашының жаңа түрі «Нұрлы жер» деп аталады. Бойы аласа тұттың алақандай жапырағы жібек құртын өсіруге негіз болмақ. Кәсіпкерлер осылайша үзіліп қалған үрдісті қайта жандандырмақ ниетте.
Жергілікті бағбандар тұт ағашының жаңа сұрпын шығаруға бақандай бес жылын сарп етіпті. Тіпті шетелден әкелген көшеттерді будандастырып көрген. Одан дұрыс өнім ала алмапты. Сосын жергілікті жабайы тұт тамырын қолданған. Жаңа сұрыптың төзімділігін Индия мен Қытай және Өзбекстанға жіберіп, ғылыми негіздеме жасатыпты. «Ағаштың жаңа түрі кез келген ауа райына бейім және шөлге төзімді», – дейді мамандар.
Ұшқын Фазылов, бағбан:
-Ағаштарға қарағанда бұның жапырақтары үлкен. Жібек құртқа арналған. Бір жапырағы өзінің бабына келген кезде 4,5 граммға дейін жетеді. Үлкендігі адамның алақанындай болады. Биіктігі 2,5 метрден аспайды.
Кәсіпкерлер бұл істі бастамас бұрын нарықты жан-жақты зерттеп шыққанын айтады. «Әлемде жібек жібіне деген сұраныс өте жоғары», –дейді бағбан. Қарқынды бау Бәйдібек аудандағы Домалақ ана кесенесінің маңына егіліп жатыр. Өйткені нысан ЭКСПО көрмесіне келушілердің назарына ұсынылатын өңірдегі тарихи жәдігерлер тізіміне енген. Кесене маңындағы 55 гектар жерге әзірге 140 мың түп ағаш егіліпті. Тұқымбақта 10 миллион түп көшет бар.
Сұлтанбек Бакиров, кәсіпкер:
-Бұл жерде әрбір гектар 50 тонна жапырақ береді. Мың қорапқа жететін шикізат.1 гектар жерден 50 тонна алса, нарықпен есептеп, 20 теңгеден жапырақ аламыз. Сонда 1 гектардан 1 миллион табыс табуға болады. Адамдарға құртты бағып беруге өтініш айтып жатырмыз. Олардан 1 келі пілләні 400 теңгеден баққаны үшін қосымша ақша береміз.
Жеке кәсіпкер бірінші кезекте өнімді шикізат күйінде сатпақ. «Қазірдің өзінде сұраныс жоғары, бағасы да қонымды»,– дейді бағбан. Жібек құртынан алынған піллә ғарыш, медицина, тоқыма сияқты 14 салада қолданылады. Одан 2 мың түрлі зат шығады екен. Бір ғана матаның 20 түрі бар. Бағбан болашақта жіп иіріп, мата мен кілем тоқу ісін де қолға алмақшы. Осы бағытта Оңтүстік Корея мен италяндық инвесторлармен келіссөз жүргізіп жатыр екен. Қаржылай қолдаушылар табылса, өндіріске қажетті жерді аудандағы «Шаян» индустриялды аймағынан беру жоспарланған.
Бекзат Тәжі, Бәйдібек аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
-Шетелдік инвесторлармен жүріп жатқан келіссөз нәтиже берсе, индустариалды аймақтан тегін жер беріледі. Облыстық үйлестіру кеңесіне ұсыныс жасаймыз.Тігін фабрикасын салу бойынша құжаттар мен қаржылай емес қолдау білдіреміз.
Жалпы ауданда үш мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Олар былтыр 9 миллиардқа жуық өнім өндіріп, қызмет көрсеткен. Ал қарқынды тұт бауы еліміз бойынша алғашқы ірі жобалардың бірі болмақ. Қазірдің өзінде онда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш
Дереккөз: www.24.kz
Маңғыстаулық өнертапқыш ойлап тапқан жел электр станциясы ЕХРО-2017 көрмесіне қойылатын болды. «Болашақ энергиясы» республикалық байқауының жеңімпазы өңірдегі жеке шаруа қожалығының біріне алғашқы құрылғыны орнатып, сынақтан сәтті өткізді. Облысты электр қуатымен қамтып отырған кәсіпорын мамандары тың жобаға жоғары баға берді. Құрастыруға небәрі 100 мың теңге жұмсалатын құрылғы сағатына 10 киловатт қуат көзін өндіреді. Мұндай станцияны қала үйлерінің үстіне де орнатуға болады.
Айта кетерлігі, ғимаратқа қосымша екі қабат салынуы керек. Жел модульдері сонда қойылады. «Самал соққан бағытқа қарай өздігінен бұрылып тұратын станция желден қуат алатын өзге құрылғыларға қарағанда энергияны екі есе артық жинайды», – дейді Қазақ Еңбек академиясының профессоры. Қымбат материалды қажет етпейтін инновациялық бастамаға жергілікті фермерлер зор қызығушылық танытып отыр.
Марат Исекеев, өнертапқыш:
– Суға платина қояды ғой, дәл сол сияқты біз желдің жолын жауып, желді стансаның ішінен өткізіп, жел энергиясын электр энергиясына ауыстырамыз. Өтпе жел арқылы алған желдің жылдамдығы көбейеді.