Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан 2025 жылдан бастап пластик пакеттерге тыйым салады. Бұл туралы бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Негізінде пластикті де екіге бөліп қарастыру керек. Біріншісі пластикалық пакеттер. Бұл бүгінгі күнгі ең үлкен проблемалардың біріне айналып отыр. Оны көптен бері айтып та келеміз. Елімізде күніне 15 миллион пакет дүкендерде тегін таратылады. Ал олар небәрі 20 минут қана қолданыста болып, кейін полигондарда көміледі. Мұны тоқтату үшін сарапшылармен бірге зерттеу жүргіздік. Егер дүкендерде мұндай пакеттерді тегін емес 5 теңге, 10 теңгеге болсын ақшаға сатсақ, онда оның көлемі кемінде 50-70 пайызға азаяды. Бұл цифр ойдан шығарылған жоқ. Көршілес елдерде осындай. Біз барлық тәжірибені зерттедік. 2025 жылдан кейін пластик пакеттерге тыйым салуға болады деп ойлаймыз», – деді министр ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысы аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Себебі, оның айтуынша, сол уақытқа дейін қоғам дайын болуы қажет.
«Ал пластикалық ыдысқа қатысты айтар болсақ, қазір бізде оған балама жоқ. Дегенмен, сарапшылармен не істеуге болатындығын, оның санын қалай азайту керектігін зерделеп жатырмыз. Жалпы, мұндай өзгерістер халыққа бірден әсерін тигізеді. Сондықтан бұл мәселені халықпен ақылдаса отырып шешу қажет», – деді ол.
Мағзұм Мырзағалиевтың атап өтуінше, алдағы айда Мәжілістің қарауына енгізілетін жаңа Экологиялық кодексте пластикалық ыдыстарға тыйым салу мәселесі қарастырылмаған. Дегенмен, пластик пакеттерге қатысты нормалар бар.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылдан бастап Қазақстан қалаларының әкімдіктері LED-экрандарға ауаның сапасы туралы ақпараттарды жариялап отырады.
Бұл туралы бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жыл сайын қоршаған ортаның жай-күйі мен табиғи ресурстарды пайдалану, ластаушылардың шығарындылары мен тасымалының мемлекеттік тіркелімін құру туралы ұлттық баяндама жариялау қарастырылған. Қоғамдық тыңдауға шығарылуға жататын жобалардың шаруашылық қызмет түрлерінің тізімі анықталған», – деді министр ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта ірі табиғат пайдаланушылардың есеп беруі бар. Бірақ олар қағаз түрінде ғана ұсынылады.
«Біз мәліметтерді ұсыну процесін автоматтандыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта Елбасының тапсырмасына сәйкес, министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірге ауаны ластаушы заттардың концентрациясының негізгі көрсеткіштерін экранға орналастыру, телеарналарды жүгіртпе жолдар мен әкімдіктердің сайттарында ақпараттар орналастыру арқылы халықты құлақтандыру жолымен ауа атмосферасының сапасы туралы ақпараттарды жұртшылыққа онлайн-жеткізуді кеңейту жұмыстарын жалғастырып жатыр. 2018 жылы »Қазгидромет« РМК Қазақстанның 46 елді мекенінде 8 ластаушы зат бойынша ауа атмосферасының сапасын қадағалап отыруға мүмкіндік беретін мобильді қосымшаны іске қосты. Қазіргі уақытта Павлодар, Екібастұз, Петропавл, Орал және Ақтау қалаларының әкімдігі мобильді қосымша арқылы LED-экрандарда ауа атмосферасындағы ластаушы заттардың концентрациясы туралы мәліметтерді көрсетіп тұрады. Қалған әкімдіктер келесі жылдан бастап ауаның жай-күйі туралы ақпараттарды LED-экрандарда орналастыруды жоспарлап отыр», – деді Мағзұм Мырзағалиев.
ҚР ЭГТРМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2019 жылдың 20-22 қараша аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «Экологиялық кодекс. Құқық қолдану» тақырыбында семинар өткізді.
Семинарда келесі мәселелер қарастырылды:
Іс-шараға «Потенциал ойл» ЖШС, «Көлжан» ЖШС, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС, «КазАзот» АҚ, «Каспий нефть» АҚ, «Becturly Energy Operating» ЖШС өкілдері қатысты.
Семинар барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Экологиялық кодекстің жаңа редакциясының соңғы өзгерістерімен және толықтыруларымен, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы «ЭкоИнфоПраво» нормативтік-құқықтық актілердің локальды базасымен танысты.
Семинар соңында қатысушыларға куәлік берілді.
Тақырыптың өзектілігін және табиғат пайдаланушылар мен басқа да мемлекеттік органдардың үнемі өсіп келе жатқан қызығушылығын ескере отырып, ҚР ЭГТБРМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК оқыту семинарларын өткізуді жалғастыруды жоспарлауда.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы
біліктілікті арттыру басқармасы
Дереккөз: inform.kz
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында ормандарды қорғау шараларының нәтижесі қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, Солтүстік Қазақстандағы ормандардың жалпы санитарлық жағдайы қанағаттанарлықтай. Соған қарамастан, өткен жылдардағы орман өрттерінің салдарынан өлген, бүлінген, су басқан және кеселге ұшыраған көшеттер де баршылық.
Биыл орман зиянкестерінің ошағы анықталған жоқ. Жұмыртқа салғыштар бойынша – жұпсыз жібек құртының карантиндік зиянкестерінің ошағын анықтау үшін орман патологиялық зерттеуі жүргізілді. Мамандар тексеру нәтижесінде орман зиянкестерінің 2020 жылы шығуы мүмкін екенін анықтады.
2014 жылдан бастап жауын-шашынның толассыз түсуінен жерасты сулары көтеріліп, кейбір жерлерде орман ағаштары мен қайың-көктерек көшеттері көгермей, өліп қалған. Осындай ормандарды тексеру үшін Республикалық орман селекциялық-тұқым шаруашылығы орталығы мен Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары шақырылды. 15091 гектар орман алқабын су басқаны анықталды. Олардың барлығы бақылауға алынды.
«Соколовка орман шаруашылығы» ҚМК мемлекеттік орман қоры аумағында 184 гектар алқапта жерүсті биологиялық күрес шаралары жүргізілді. Оның ішінде 25 құсқа арнап жасанды ұялар ілініп, 25 құмырсқа илеуі жасалды», – деді басқармадан.
Мамандар тексеру нәтижесі бойынша 2020 жылға санитарлық-сауықтыру шаралары қажет екенін жоспарлады.
Дереккөз: inform.kz
ЛОНАВАЛА. ҚазАқпарат – Үндістанның Махараштра штатындағы Лонавала қаласында 18-22 қараша күндері сулы-батпақты аймақтар мен оны мекендейтін құстарды сақтауға арналған халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығына сілтеме жасап.
Жиында Орталық Азиядағы құс жолында (Central Asian Flyway – CAF) іске асырылатын табиғатты қорғау жұмыстарының маңызына ерекше назар аударылды.
Бомбейдің табиғат тарихы қоғамы (Үндістан) мен ҚБСҚ (Қазақстан) Орталық Азиядағы құс жолы жөніндегі бастамаларға (CAFІ) қатысушы елдердің әрекеттерін сонымен қатар, Оңтүстік Азия мен Орталық Азиядағы жобаларды үйлестіретін болды. Қазақстан атынан ҚБСҚ атқарушы директоры Вера Воронова, қауымдастықтың ғылыми қызметкері Руслан Оразалиев сөз сөйледі.
Конференцияға 200-ден астам адам қатысты. Орталық Азиядан Қазақстан, Түрікменстан (Елдар Рүстемов), Өзбекстан (Олег Кашкаров) өкілдері де қатысты. Шараны Бомбейдің табиғат тарихы қоғамы (Bombay Natural History Society) ұйымдастырды.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығы (ҚБСҚ) мен ҚР БҒМ «Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты» (БҚМ ҒЗИ) РМК бірлескен экспедициясы Батыс Қазақстан облысында 10 киікке GPS сенсоры бар мойынбау тақты, деп хабарлайды ҚазАқпарат қауымдастық сайтына сілтеме жасап.
15 қарашада басталған экспедиция барысында зерттеушілер барлығы 12 бөкенді ұстады. Олардың ішінде 3 жастан аспаған 10 ұрғашы киікке GPS треккерін тақты, екі сайғақтан (текесі) биоматериал сынамалары алынды.
Жүйрік дала киіктерін ұстап алу оңай емес, оларды қолға түсіру ҚБСҚ-ның 2009 жылғы тәсілімен жүргізілді.
Бұл жұмыстар ҚБСҚ мен БҚМ ҒЗИ арасындағы ғылыми серіктестік туралы келісім аясында іске асырылды. Таңбаланған киіктерді екі ұйым да бақылап отырады. ҚБСҚ – миграция мен күзет жолдарын қадағаласа, институт – киіктердің ауруын зерттеумен айналыспақ.
Жануарларды аулауға ҚБСҚ, БҚМ ҒЗИ, «Охотзоопром» ӨБ және ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті облыстық аумақтық инспекциясының қызметкерлері қатысты.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы қаласының Бас ботаникалық бағы ҚР БҒМ қарамағынан алынып, өзге министрлікке беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет айтты.
«Алматы қаласының Бас ботаникалық бағы (Ботаника және фитоинтродукция институты) Қазақстан Республикасының айрықша қорғауындағы табиғи аумақ болып саналады. ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің ведомствалық бағынышты ұйымы болып саналады. Ботаникалық бақты Алматы әкімдігінің қарамағына өткізу мәселесі қойылған емес. Сәйкесінше, бұл жер айрықша қорғауындағы табиғи аумақ тізімінен алынбайды», – деп түсіндірді Сәкен Ділдахмет Facebook желісінде.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Үкімет Ботаникалық бақты ҚР Білім және ғылым министрлігі балансынан шығарып, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ауыстыру мәселесін қарастыруда.
Дереккөз: inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында қыста автокөлік жылытатын инновациялық құрылғы орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Азия даму банкі мен Нұр Сұлтан қаласының әкімдігі төмен көміртекті қалаларды дамыту бастамасы аясында автомобиль қозғалтқышын электрмен жылыту пилоттық жобасын іске қосты.
«Бұл жобаның мақсаты – қала экологиясының жақсаруына үлес қосу. Бұл фин технологиясы Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады. Бізде суық күндері автокөлікті қыздырғанда ауаға қаншама қалдық шығарылады. Осы орайда бұл құрылғы өте ыңғайлы әрі көліктің қозғалтқыш құралдары үнемі жылы болып тұрады. Яғни автокөлікті қыздырып уақыт жоғалтпайсыз. Бұл бірлескен жобаның тек бастамасы ғана деп ойлаймын. Біз аталған құрылғыны орнату үшін елорданың бірнеше ауданын таңдап алдық. Яғни қаланың әр ауданында бір құрылғыдан орнатылатын болады. Сол сияқты инновациялық құрылғыны болашақта электр жүйесімен жүретін автокөліктер үшін де қолдануға болады», – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
Оның айтуынша, қыстың суық күндері тұрғындар қозғалтқышты және салонды жылыту үшін автомобиль қозғалтқыштарын ұзақ уақыт қыздырады. Бұл шамадан тыс жанармай мен қаржылық шығындарға, қозғалтқыштың тозуына және парниктік газдар мен зиянды заттардың атмосфераға шығарылуына әкеледі.
Мамандардың айтуынша, аталған құрылғы электр қуатымен жұмыс істейді және жабдықты автомобильге сертификатталған маман орнатуы немесе зауыттан шыққанда орнатылуы тиіс.
«Біз серіктестерімізбен бірге аталған инновациялық технологияны Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет қолданысқа енгізіп жатырмыз. Жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан қала әкімдігі мен Қазақстандағы Финляндия елінің елшілігіне алғысымызды айтамыз. Алдағы уақытта жобаның аясы кеңейіп, басқа қалаларда да іске қосылады деген үміттеміз», – деді Азия даму банкінің президенті Такехико Накао.
Айта кетсек, өткен жылдан бастап елорда әкімдігі Орталық Азия елдері қалаларында төмен көміртекті дамытуды ілгерілетуге қатысатынын растады.
Дереккөз: infrom.kz
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Көкшетауда өткен Ақмола облысын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу туралы тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Облыста күрделі экологиялық жағдай қалыптасып отыр. Экологиялық жағдайды оң шешу үшін Щучинск-Бурабай курортты аймағында ауаның ластануы, яғни көмір арқылы жылтылатын қазандықтардан шығарылатын қалдық заттар мәселесін шешуіміз керек. Жылу агрегаттарын экологиялық тиімді жабдықтарға ауыстыру жұмыстарын жалғастыру қажет. Келешекте бұл мәселе Көкшетауға дейін курортты нысандарын қосуда екінші «Сарыарқа» газқұбыры автомагистаралын жүзеге асыру арқылы шешілетін болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы атап өткендей, қатты тұрмыстық қалдықтарды жою мәселесі осыған дейін бірнеше рет айтылды. Көкшетаудың қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін полигонда қоқыстарды бөліп, сұрыптап, қайта өңдеу жұмыстары дұрыс жолға қойылмай келеді.
«Рұқсат етілмеген қоқыс алаңдарының саны артуда. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жоятын технология қажет. Әкімдіктерге рұқсат етілмеген қоқыс алаңдарын жою бойынша жұмыстарды ширату қажет», – деді Президент.
Кеңесте айтылғандай, Степногордегі уран кенін өндіру зауытында жиналып қалған қалдықтарды жою мәселесі әлі шешілген жоқ.
«Міндетті түред уран өндіру кешені нысандарында қайта өңдеу жұмыстарын жүргізу керек», деп толықтырды Президент.
Баспасөз ақпараты
ҚР ЭГТРМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2019 жылдың 13-15 қараша аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару» тақырыбында семинар өткізді.
Семинарда келесі мәселелер қарастырылды:
Іс-шараға «Өскемен арматуралық зауыты» АҚ, «Амангелді Газ» ЖШС, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС, «Астана – Аймақтық Электржелілік Компаниясы» АҚ, «Қазақ технология және бизнес университеті» АҚ өкілдері қатысты.
Семинар барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Экологиялық кодекстің жаңа редакциясының соңғы өзгерістерімен және толықтыруларымен, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы «ЭкоИнфоПраво» нормативтік-құқықтық актілердің локальды базасымен танысты.
Семинар соңында қатысушыларға куәлік берілді.
Тақырыптың өзектілігін және табиғат пайдаланушылар мен басқа да мемлекеттік органдардың үнемі өсіп келе жатқан қызығушылығын ескере отырып, ҚР ЭГТБРМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК оқыту семинарларын өткізуді жалғастыруды жоспарлауда.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы
біліктілікті арттыру басқармасы