Дереккөз – www.popmech.ru
7 шілдеде PLOS Biology журналы жер бетіндегі барлық сүтқоректілерден микробтарға дейінгі алғашқы дәйекті тізімді құрудың жол картасын ұсынатын мақала жариялады.
Бүгінгі таңда әлемде әлі күнге дейін бірыңғай және келісілген тізім жоқ, ол жер бетінде тіршілік ететін барлық түрлерді көрсетеді. Оның орнына бірқатар бәсекелес тізімдер бар, ал кейбір түрлер олардың біреуіне мүлде кірмейді. Бірыңғай және стандартталған тізімнің жоқтығы әртүрлі ұйымдар мен үкіметтер үшін проблемалар туғызады, өйткені мұндай құжат, мысалы, белгілі бір түрді қорғау немесе жойылып бара жатқан түрлермен сауданы реттеу мақсатында қажет.
Жарияланған жол картасында жер үсті түрлерінің тізімдерін құрудың және басқарудың он қағидасы көрсетілген. Сондай-ақ, құжат таксономистердің – түрлерін анықтап, жіктейтін ғалымдардың рөлін нақты анықтайды. Қазір жер бетінде көптеген түрлер ғаламдық жылыну немесе қоршаған ортаның ластануы сияқты процестерге байланысты жойылып кету қаупі бар.
Жарияланған мақаланың жетекші авторы Стивен Гарнеттің айтуынша, түрлердің біртұтас дәйекті тізімін жасау жойылып кетуді тоқтатпайды, бірақ бұл біздің және болашақ ұрпақтарымыз үшін әлемдегі барлық үлкенді-кішілі түрлерді басқару және сақтау жолындағы маңызды қадам.
Дереккөз – www.gov.kz
Бұл туралы Твиттердегі парақшасында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев хабарлады. Оның айтуынша, бұл желіге Қазақстанның кез келген тұрғыны өз қаласы немесе ауданындағы заңсыз қоқыс орындары мен деректері туралы, оның ішінде, соны растайтын фото, бейнематериалдарды жолдай алады.
“Сіздермен, сондай-ақ ішкі істер департаменті және әкімдіктермен бірге жағдайды бақылап, сол жерге барып, шара қабылдайтын боламыз”, – деді министр.
Экология министрлігі бір ай ішінде еліміздегі барлық қоқыс полигондарына толықтай мониторингілеу жасамақ.
10 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экология мәселесі туралы айта келіп, заңсыз қоқыс орындарының проблемасына ерекше назар аударды. Жыл сайын Қазақстанда 5 млн тоннадан аса қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылады. Оларды өңдеу көлемі еліміз бойынша тек 15% қана. Президент айтқандай, бұл жеткіліксіз. Сондықтан ол Үкіметке жедел түрде заңнамалық база әзірлеп, “Waste to energy” технологиясын енгізу үшін қолайлы инвестициялық жағдай туғызуды тапсырды.
Экология министрлігінің стихиялық үйінділер бойынша жедел желісінің нөмірі: +77759524900.
Дереккөз – www.popmech.ru
Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) есебіне сәйкес, 2030 жылға қарай жаһандық табиғи дағдарысты шешуге 400 миллион жұмыс орны ашылып, бизнес құны жыл сайын 10 трлн долларға артуы мүмкін.
Есепте табиғи әлемнің жойылуы дүниежүзілік ІЖӨ-нің жартысынан көбіне қауіп төндіретіні туралы ескертіледі. 2019 жылы ғалымдар Жердегі табиғи тіршілікті қолдау жүйелерінің тез құлдырауына байланысты адамзат қоғамына қауіп төніп тұрғанын айтты.
Сондай-ақ, баяндамада бизнес пен саяси көшбасшылардың «табиғат бірінші» көзқарасы адамдардың жұмысына жауап болатыны айтылған. «Өлі планетада жұмыс немесе өркендеу болмайды», – деп қорытындылады Alan Jope, Unilever бас директоры және ДЭФ серіктесі.
Дүниежүзілік экономикалық форум жыл сайын Давоста өтеді және көптеген әлемдік көшбасшылардың басын қосады. Биылғы жылы құрып кету қаупі төніп тұрған түрлердің 80% -ына қауіп төндіретін үш сектор бар екендігі айтылды. Бұл тамақ және жер пайдалану, инфрақұрылым және құрылыс, сонымен қатар энергетика және тау-кен өндірісі. Саммит бұл салалар табиғи қалпына келтіруден де көп пайда алатынын атап өтті.
ДЭФ табиғат қорғау бағдарламасының жетекшісі Аканкша Хатри: «Табиғат біздің экономикамызға қажет жұмыс орындарын қамтамасыз ете алады. Бүгінгі таңда кәсіпкерлер мен үкіметтердің миллиондаған адамды қайта жұмысқа орналастыруға бағытталған жоспарларын жүзеге асыруда ештеңе жоқ ».
Пандемия аясында БҰҰ жақында бұл проблема туралы айтты, ұйым қазіргі кезде әлем пандемияның медициналық және экономикалық белгілерін ғана емес, оның себебін – қоршаған ортаның жойылуын емдейтінін ескертті.
ДЭФ есебі жұмыс орындары мен экономиканы ынталандыруға арналған бірқатар шараларды ұсынады, мысалы, тамақ қалдықтарын азайту, жабайы балықты жақсы басқару және ауыл шаруашылығына субсидиялар енгізу.
ДЭФ сарапшылары кейбір адамдар қауіпті салаларда жұмыс орындарынан айрылатынын мойындайды және үкіметтерді адамдарды қайта даярлауға және жасыл экономикаға көшуге шақырды.
Источник – www.gov.kz
2030 жылы Қазақстанда су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және қайта құру есебінен 3 млн гектар суармалы жерді сумен қамту жоспарлануда, деп хабарлады ҚР ЭГТРМ Су ресурстары комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Марат Иманәлиев. Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мәселеге айрықша назар аударуы оның әлеуметтік маңызы мен еліміз үшін стратегиялық мәнін көрсететінін атап өтті.
«Біздің Экология министрлігінің міндеті – суармалы жерлерді, яғни гидромелиоративтік желіні сумен қамту, яғни, бұл су көзі, су қоймалары. Бірінші кезекте, жаңа, суаруға арналған су қоймаларын салу жоспарланған, – деп атап өтті М.Иманалиев. – Сонымен қатар, жоспарда бюджет қаражаты есебінен де, халықаралық қаржы ұйымдары арқылы да жаңа каналдар салу мен бұрынғыларын жаңғырту жұмысы бар».
«2026 жылға қарай 38 су қоймасын салу жоспарлануда, – деді Экология министрлігі өкілі. – Біздің су шаруашылығы желілерін қайта салу кезінде біз сонымен қатар, көбіне, егіске су жеткізу кезінде орын алатын су жоғалтуды болдырмаймыз. Сондықтан ауыл шаруашылығындағы фермерлерге суару кезінде су үнемдеу әдісіне, оның ішінде, тамшылатып суаруға көшу маңызды. Біз өз тарапымыздан су жеткізу кезіндегі суару кезінде су үнемдеу әдісі есебінен лимит белгілеуді, жаңа сараланған тарифті ұсынамыз – көп алсаң, көп төлейсің. Мұндай тарифтер Израильде қолданылады. Суару кезінде су үнемдеу жүйесін қарқынды қолдану, су жоғалтуды болдырмау есебінен біз суармалы жерлердің аумағын ұлғайту көп су алуға әкелмейді деп есептейміз».
Дереккөз – www.inform.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстан еріктілері лигасы Біргемізге арналған еріктілер жиынтығын ашты: «Имит» жобасы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жоғалған адамдарды іздестіру, табиғи апаттар мен табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі жобаларға волонтерларды тарту үшін «Біргеміз: Шақыру» ұлттық жобасының аясында еріктілер тобы жарияланды.
Жобаны «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ҰАО мемлекеттік гранты бойынша «Қазақстан еріктілері Лигасы» Қоғамдық қоры Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырады.
16 жастан асқан кез-келген адам келесі бағыттар бойынша топқа қосылу арқылы ерікті бола алады: жоғалған адамдарды іздеу, жедел медициналық көмек, табиғи апаттың және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою жобаларына қатысу.
Ұжымда болу үшін жоба ұйымдастырушыларына Инстаграмдағы @league_volunteers-ке хат жазуға немесе +7 707 597 3421 нөміріне қоңырау шалыуға болады.
Дереккөз – www.inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бес жылдан бері Каспийдің итбалығы тақырыбын зерттеп жүрген эколог Әсел Баймұқанова Президенттің балаларға мектеп жасынан бастап, экологиялық білім берудің маңыздылығын ерекше атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президенттің бүгінгі айтқан бастамалары өте маңызды деп есептеймін. Бүгін де Қазақстанда шын мәнінде, мектептен бастап, экологиялық білім беру қажет. Ақтаудағы итбалықтарды таспен, таяқпен ұрып жатқан соңғы бейнекөрініске қарағанда, бізде адамның жануарлар дүниесімен үйлесімділігі қалыптаспағаны анық. Адамдар егер жолында жабайы аң кездесе қалса, не істеу керектігін білмейді. Сондықтан, мектептерде экологиялық білім беру пәнін енгізу қажет», – дейді Әсел Баймұқанова Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына қолдау білдіре отырып.
Экологтың айтуынша азаматтарға өңірлердегі Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар туралы айтып, түсіндіру қажет. Көп адам өзі өмір сүріп жатқан өңірде қорғаудағы жануарлар мекендейтінін білмейді. Оларды қорғау керек екенін, өшпенділікпен қарамау керектігін аңғармайды.
«Егер бала кезден табиғатты аялауға үйретсе, қазірде ондай проблема туындамас еді. Сондықтан Президент айтқан бастама әбден пісіп-жетілген әрі Қазақстанға керек бастама. Менің ауаның тазалығы, қоқыстарға қатысты да айтарым бар. Мәселен, бізде Каспийдегі балық аулайтын торлар мен теңіздегі қоқыстар туралы жоба болды. Бұл мәселені де мектеп оқушыларымен кеңінен талқылау қажет. Каспий жағасынан 20 күн ішінде біз 20 тонна қоқыс жинадық. Бұл Маңғыстау облысындағы Баутино, Форт-Шевченко және Генерал саяжайы маңында болған көріністер. Жағалау қоқыстан аяқ алып жүргісіз. Демалуға келген адамдар тағы тастайды. Біз 3 тонна балық аулайтын торларды да жинадық. Осы бетпен кете берсе, қоқыстан бас көтере алмай қаларымыз анық!» – дейді эко-белсенді.
Әсел Баймұқанов бұдан басқа Каспийден қоқыстың арасынан микропластиктерді де тапқанын айтады. Пластик ыдырамайтын болғандықтан, бұл да экология үшін үлкен проблема.
«Судағы микропластикті балықтар жеп, олар кейін біздің ағзамызға түседі. Экологиялық тәрбие балалардың қоқыстардың қоршаған ортаны ластау арқылы біздің өзімізге зиян тигізетінін түсінулеріне көмектесер еді. Президенттің осындай бастамасынан кейін экология мәселесі жандана түседі, проблемаларды шешу мақсатында осы бағыттағы ғылым да қаржыландырылады деген үміттенемін», – деді ол.
Әсел бес жылдан бері Каспий итбалығының жағдайы туралы тақырыпты терең зерттеп жүр. Оның магистрлік диссертациясы Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі жатақтарын құру кезіндегі итбалықтардың мінез-құлқының экологиялық сипаттамасы (Pusa caspica) тақырыбына арналған. Ол сонымен қатар, «Теңіздің экожүйесін сақтау» қозғалысының көшбасшысы әрі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің атынан Қазақстандағы эко-амбассадор. 9 ғылыми жарияланым иесі, түрлі экологиялық мектеп, семинар, конференциялардың бірнеше мәрте спикері және қатысушысы. Оның әкесі де көп жылын Қазақстандағы табиғатты зерттеу және сақтауға арнап келеді. Мамандығы ихтиолог, зоолог, биология ғылымдарының кандидаты. Әселдің әпкесі де гидробиолог.
Еске сала кетсек 10 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев итбалықтарды таяқпен, таспен ұрып жүрген видеоны көргенін айтқан болатын. Президент осыған орай Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовқа балаларды қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу ісіне баса мән беруді тапсырды. Сондай-ақ Президент мектеп бағдарламасына «Балалардың экологиялық білімі» атты жаңа пән енгізуді тапсырды.
Дереккөз – www.kazinform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп бағдарламасына «Балалардың экологиялық білімі» атты жаңа пән енгізуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бізге қазіргі уақытта қоғамдық көзқарас тұрғысынан маңызы артып келе жатқан экология проблемасымен айналысу керек. Жыл сайын 5 млн тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық жиналып қалады. Олардың 15 пайызы ғана өңделуде. Бұл – жеткіліксіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Қазақстан Президенті осыған байланысты мектепте балалардың экологиялық білімі атты жаңа пән енгізу керектігін атап өтті.
Дереккөз – www.kaz.tengrinews.kz
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Су шаруашылығы қызметкерлері күні қазақстандықтарды суды үнемдеуге шақырды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев су шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
“Су шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Бұл салада өзінің білімі мен тәжірибесін, кәсібіне деген құрметті ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан отбасылық еңбек әулеті көптеп табылады. Сала ардагерлері мен мамандарға адал еңбектері үшін ризашылық білдіргім келеді”, – деп жазды Мырзағалиев Twitter желісіндегі парақшасында.
“Мемлекет су шаруашылығын дамытуға баса назар аударады. Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарлама әзірленіп, маңызды міндеттер іске асырылуда.
Барша сала қызметкерлеріне зор денсаулық, шаңырақтарына береке, жұмыстарына табыс тілеймін! Қазақстандықтарды суды үнемдеуге шақырамын!”, – деді министр.
Дереккөз – www.inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ботаникалық бақта өткен жылы Қазақстан халқының бірлігі күні отырғызылған алма ағаштары тамыр жайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Еске салайық, атыраулық фермер Тамила Розметова Жастар жылының ашылу салтанатында елордада алма бағын отырғызуды ұсынды. Көп ұзамай, Елбасы тапсырмасы бойынша қала әкімдігі Ботаникалық баққа алма көшеттерін отырғызу үшін жер телімін анықтады.
«Алма ағаштары шынымен де суыққа төзімді болып шықты. Олар қыстан аман шығып, жақсы гүлдеді! Ағаштар сәтті бейімделіп, жерсінуі үшін тиісті күтім, уақытылы суару және қардан қорғауды қажет етті. Осындай күтім жағдайында ағаштар өсіп, алдағы жылдары жемісті алма бағына айналады деп сенеміз», – дейді елордалық Ботаникалық бақ мамандары.
Жастар саясаты басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Жүнісбеков өткен жылы алма ағаштарын отырғызуға қатысқандардың бірі.
«Кеше отбасыммен серуендеп келіп, арнайы алма ағаштарын аралап, жеміс бергенін көріп бойымды ерекше бір қуаныш биледі. Еліміздің жастары да көп күттірмей осы ағаштар сияқты жеміс беріп, ел мүддесін бәрінен биік қойып, мемлекетімізді тек алға жетелесін деп тілек тіледім», – дейді Б.Жүнісбеков.
Қазіргі уақытта Ботаникалық бақта алма ағаштарының сегіз түрі өседі: беларусь синабы, таңқурай, алезия, имант, фридом, надзейны, сакавита және Қазақстан астанасы құрметіне аталған алманың жаңа сорты – Nur-Sultan.
Олардың барлығы аязға төзімді, өнімділігі жоғары және жемістері ұзақ сақталады. Ботаникалық бақта биіктігі 1,2-1,5 метр болатын барлығы 800 алма ағашы отырғызылды. Ағаштарға күтім жасау үшін заманауи тамшылатып суару жүйелері қолданылады. Жалпы, биыл елорданы көгалдандыру аясында 30 мың ағаш және 6 млн-ға жуық гүл отырғызылады.
Дереккөз – www.gov.kz
Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 3 шілдедегі Жарлығына сәйкес елдегі қоғамдық келісімді нығайтуға, Қазақстан бірлігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығын атап өтуге қосқан елеулі үлесі үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қызметкерлері «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» медалімен марапатталды.
Марапатталғандардың арасында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрлері Нысанбаев Ерлан Нұралыұлы, Громов Сергей Николаевич, Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры Ахметова Ұлжан Төлегенқызы, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқармасының бас сарапшысы Болож Сергей Сергеевич, Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экология департаменті мемлекеттік және экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Кравец Виктория Валентиновна, Су ресурстары комитеті «Қазсушар» ШЖҚ республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Гидротехникалық құрылыстар департаментінің бас маманы Цай Ирина Вячеславовна болды.