Жаңалықтар | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Шығыс Қазақстан облысында көктемгі егіс науқаны қарқынды жүріп жатыр

Дереккөз: www.24.kz 

2ff962f2acf23ee2a39c88a0393bf0dd_l

Биыл өңірде 1,5 миллион гектарға жуық алқаптан өнім алынатын болады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың гектарға артық.

Аймақта ылғалды сақтайтын арнайы технология қолданылып отыр. Бір ғана Зырян ауданында былтыр 387 млн теңгеге 50 егіс кешені сатып алынған. Енді жаңа технологияның арқасында өнім көлемі де артып отыр.

Нұржан Тоқсейітов, Зырян ауданының әкімі:

-Біздің шаруа қожалықтарымыз тыңайтқыштардың көлемін екі есеге көбейтіп алып, пайдаланып жатыр. Былтыр 3200 болғанда, биыл 6800-ге жеткізді. Агротехникалық методтарды дұрыс пайдаланып, жоғары өнім алуымыз керек.

Алматылық төтенше жағдай қызметі мен өрт сөндірушілер жаз маусымына дайындықты пысықтады

Дереккөз: www.24.kz

2438a371219a1f4ac27f9f11e1ca424e_l

Өрт қауіпсіздігі ережелерін ескермей, отты жағу талаптарына салғырт қараған азаматтар заң алдында жауап береді.

Биыл Алматыда тұрғындардың салғырттығынан қала мен қала аумағында 77 өрт шығу дерегі тіркелген. Сондықтан төтенше жағдай қызметі мен өрт сөндірушілер кезекті жаз маусымына дайындалып жатыр. Осындай мақсатта Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі аумағында «Алау-2017» оқу-жаттығу шарасы өтті.

Тау бөктерінде өрт шыққан жер әуеден бақылау арқылы анықталды. Бұл хабарды ести сала өрт сөндіру қызметі оқиға орнына дереу жетті. Шапшаң іс-қимылдың арқасында тілсіз жау тез өшірілді. Ал тұтанған шоқты жел ұшырып, кебу бұтақтар мен қурайларға тисе, жалын біраз аумақты шарпитын еді. Адам аяғы жетпейтін биіктегі отты өшіруге тек ұшақтың көмегі қажет.

Өрт сөндіру ісінде тікұшақтарды пайдаланудың маңызы зор. Екі жыл бұрын табиғи ұлттық паркте өрт шығып, ол тікұшақ көмегімен анықталған және дер кезінде өшірілген болатын.

Жалпы, бұл оқу-жаттығуға төтенше жағдай, өрт сөндіру, құтқару, медициналық көмек көрсету мекемелері мен коммуналдық қызметтен барлығы 120 адам қатысып, 20 арнайы техника тартылды. Жазда өрт шығу қаупі артады. Өйткені қала тұрғындары қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейді.

Айдос Нүсіпбаев, қалалық ТЖД Өрт қауіпсіздігі басқармасы басшысының орынбасары:

– Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көлемінде, ал заңды тұлғаларға 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал өрт салдарынан материалдық шығын немесе адам өлімі болса, ҚР Қылмыс кодексінің 292-бабына сәйкес жеке тұлға 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Табиғат саясында демалатындар алдымен өрт қауіпсіздігі ережелерін қаперде ұстап, санитарлық тазалықты да естен шығармауы керек.

Әрине, таудың саф ауасымен тыныстап, саясында демалғанға не жетсін.Бірақ демалысыңыз табиғатқа еш зиян келтірмеуі керек. Жыл сайын бір ғана өшірілмеген темекі тұқылынан бәленбай шаршы метр жер өртеніп, орманға орасан зор нұқсан келеді. Сондықтан шоғы өшірілмеген ошақты дер кезінде өшіру арқылы өрттің алдын алуға болады.

Авторлары: Алмас Саудақас, Сержан Жұмабаев

Ғалымдар: Қазақстандағы күн сәулесі мен жел энергиясының мүмкіндігі тұтас әлемді қамтуға жетеді

Дереккөз:  www.24.kz


b5c61f0b31b2f4ea4b9a4be42a9a699c_l

Қазақстанның табиғатында баламалы қуат көздері тұнып тұр.

Елімізде ми қайнатар ыстық та, күшті жел де бар. «Тіпті күн сәулесі мен жел энергиясының мүмкіндігі тұтас әлемді қамтуға жетеді», – дейді ғалымдар. Қазір әлем экологиялық таза баламалы қуат көздеріне инвестиция салып жатыр. Қазақстан да осы үрдістен қалыс қалмай, «жасыл» экономика бағдарламасын әзірледі. Бұл жоба бойынша 2020 жылы еліміздегі энергия көздерінің 3%-ы жел мен күннен қуат алуы керек. «Бұл жобаны жүзеге асыруды ауылдық елді мекендерден бастаған дұрыс», – дейді мамандар. Бүгін болашақтың энергиясына қатысты жиында сала ғалымдары мен экологтар өзара пікір алмасып, күн мен желдің мүмкіндігін саралады. Басқосуда табиғи қуат көздерін дамыту жөніндегі заң жобасын әзірлеу үшін қоғамдық жұмыс тобы құрылатыны айтылды. Сонымен қатар биылдан бастап ауылдық жерлердегі шаруашылықтарға күн сәулесінен қуат алатын құрылғыларды орнату мәселесі шешіле бастайды.

Азаматхан Әміртаев, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының президенті:

– Бізге осы жұмыстарды қолға алып, ауылдық жерлерге, фермерлерге пайдалануға мүмкіндік жасауымыз керек. Бұл – үлкен қоғамдық жұмыс. Жалпы халыққа жеткізуіміз керек. Бұл оларға қаншалықты тегін, қаншалықты автономды, қаншалықты олардың жұмысына көмектесетінін көрсетуіміз керек. Осыған байланысты БҰҰ даму бағдарламасының басшысы келіп отыр. Олар соңғы төрт жылда ауылды жерлерге көптеген грант берді. Енді сол бағдарламаны бірге көтерсек деп жатырмыз.

Назарбаев Университетінде түлектер аллеясы ашылды

Дереккөз: www.24.kz

538ca2862e3b9b98fa78431f7c3aa81d_l

Назарбаев Университетінде 2015, 2016 және биылғы жылдың түлектері бірлесіп ағаш отырғызды.

Сондай-ақ оқу ордасының алғашқы Phd (ПиЭйчДи) ғылым докторлары болашақ студенттерге өз аттары жазылған арнайы орындық сыйлады. Айта кету керек, биыл аталған білім ошағын 229 магистр, 9 Phd докторы тәмамдады.

Астанада өтетін EXPO көрмесіне Израильдің 15 компаниясы қатысады

Дереккөз: www.24.kz

cf43aa6c6dc60a3d9f547a567d9aeab9_l

«Астана ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне Израильден 15 компания қатысады.

Бәрі де жаңартылатын энергия көздерін пайдаланумен айналысады. Бұл туралы «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Израиль секциясының комиссары Элазар Коэн мәлімдеді. Бұл елде 200 компания жасыл технологияны дамытумен шұғылданатын болса, оның үштен бірі – стартап жобалар. Көрмеге келіп өз өнімдерін көрсететін компанияның бірі күн батареясынан алынатын электр тогын өңдегіш құрал жасайды. Бұл қондырғы жер үйлер мен шағын мекемелерге арналған.

Элазар Коэн, «ЭКСПО-2017» көрмесінің израильдік секциясының комиссары:

– Осыдан бірнеше жыл бұрын біз энергетикаға мұқтаж елдердің қатарында болатынбыз. IT-технологиялар мен стартап жобалардың арқасында қазір баламалы қуат көздерін пайдалануда алдыңғы қатардамыз. «ЭКСПО-2017» көрмесі әлем алдында осы уақытқа дейін баламалы энергетиканы пайдалану саласында қол жеткізген жетістіктерімізді көрсету алаңына айналады. Қазақстаннан да әріптестер тауып, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жұмыстарын бірлесе жүргізсек деген ойдамын.

Ал Димона қаласындағы бұл компания шөл даладағы өндіріс орнын күн қуатымен қамтамасыз етіп отыр. Олар күн энергиясы арқылы және қоқыс қалдықтарын жағып, суды қыздыру жолымен электр қуатын жинақтайды. Бұл тәсіл электр жарығы, ыстық және суық суға үздіксіз қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жинақтағышта өндірілген электр қуатын ұзақ мерзім сақтауға болады. Ірі өндіріс ошақтарын жарықпен қамтитын бұл компаниялар «ЭКСПО» барысында қазақстандық кәсіпорындармен әріптестік орнатуды көздейді. Енді бір айдан кейін басталатын ұлық шарада осындай жаңа технологиялар таныстырылады.

Елорда маңындағы жасыл аймақта құстардың жаңа түрі пайда болады

Дереккөз: www.24.kz

8f785b6b6e6d9a2b10ed0212fe5c0a33_l

Бұл үшін Астана іргесіндегі қанаттыларды баптайтын орын кеңейтілмек. Құс көбейтетін фазанарий құрылғалы бергі 7 жылда құсбегілер 7 мыңнан аса қырғауыл өсірді. Бұл орталықта құстар көбейтіліп қана қоймай, биологиялық зерттеулер де жасалады.

Жуық арада қырғауылдар түлейді. Құсбегі Сейдулла Абильдин өзі еңбек еткен 4 жыл ішінде қанатты құстардың дағдыларын әбден зерттеген. Құстар оны кез келген киімінде таниды. Ол құстарды күніне бірнеше рет жемдейді және жұмыртқаларын жинайды.

Сейдулла  Абильдин, құсбегі:

– Жұмыртқа табатын құстарға сүзбе, балық майы, күнбағыс майы, сүйек ұны, сәбіз, қырыққабат, қызылша қосылған арнайы жем береміз.

Бұл құс фермасы Елорда маңындағы жасыл аймақта осыдан 7 жыл бұрын құрылған болатын. Сол кезде мұнда 60 қырғауыл әкелінген болса, бүгінде құстың саны 8 мыңға жеткен. 7 мыңнан аса құсты еркіндікке жіберген. Қазір осы маңнан 100 шақырым жерден бақтан өсіп шыққан қырғауылдарды көруге болады.

Ардақ Хасенов, фазанарийдің бас агрономы:

– Қырғауылдарды көбейтудегі басты мақсат – Астана маңындағы жасыл аймақта тірі табиғат пен өлі табиғат ортасындағы тепе-теңдікті сақтап тұру. Сонымен қатар құстарды көбейту арқылы орманды құртатын зиянкестермен биологиялық күрес жүреді. Айта кету керек, осы күнде жасыл желек аймақты химиялық өңдеу көлемі 350 гектарға дейін азайды.

Жамбыл облысының бағбандары өнімдерін Ресей мен Қытайға экспорттамақ

Дереккөз: www.24.kz

2c59fbebf93948b5c2058a5514e3196e_l

Жамбыл облысында 2020 жылға қарай қарқынды алма бақтың аумағы 500 гектарға жетеді.

Қазір аймақ бағбандары бұл іске белсене кірісіп жатыр. Олар жұмысты жүргізу үшін мемлекет ұсынған жеңілдіктерді барынша пайдаланып отыр. Басым көпшілігі отбасыларымен кооперативке бірігіп, лизингке дайын бизнес құрып алған.

«Әулие-ата» ауыл шаруашылығы кооперативінің құрамына 10 отбасы біріккен. Олар 50 гектар бақты өзара бөліп жұмыс істеп отыр. Жоба «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында іске асырылды. Бағбандар 125 мың түп алма ағашын Сербиядан әкелген. Келер жылы гектарынан орта есеппен 40-50 тонна өнім алмақ.

Қазір ағаштарды агрономдар жіті бақылап отыр. Өсіп-өнгенше Польша, Сербия және украиналық мамандар басы-қасында жүреді. 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Қасымхан Қанаев, «Әулие-ата» кооперативінің мүшесі:

– 5 гектар бізге отбасымызға 67 миллионға айналды. Бұны 5-10 жыл ішінде лизинге алдық. 10 жыл ішінде төлеп бітіреміз. Осы 67 миллионның 40 пайызын қазір үкімет бізге субсидия ретінде қайтарып береді. Өте жақсы бизнес.

Бау тамшылатып суарылады. Ішіне сыйымдылығы 5 мың текше метрлік бассейн орнатылған. Судың бұл мөлшері бір аптаға жеткілікті. Ал, ағаштарды қолайсыз ауа райынан бұршаққа қарсы тор қорғайды. Қазір мұнда алманың 5 түрін өсіріп жатыр. Болашақта бұл жерден 2 мың тоннаға дейін жеміс сақтайтын қойма салынады. Өнімді Ресей мен Қытайға экспорттамақ. Өксікбай Оразымбетов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры»

АҚ ОФ директоры:

– Өткен жылы облыста жалпы алаңы 100 гектарға 2 жоба іске қосылған болатын. Биыл тағы 50 гектардан 2 жоба, 100 гектар аумақты алатын бақ іске қосылып жатыр. 2 жылдың ішінде бұл жұмыстарға 2,6 миллиард теңге қаржы бағытталды.

Егер кооперативке біріксе, мемлекет ерекше қамқорлық жасайтындығы жергілікті бағбандардың ертеңгі күнге деген сенімін арттырған. Сондықтан ұжым болып жұмыс істеп, кәсіпті жандандыруға күш салып жатыр. Оның үстіне кооператив тиімділігі өнімнің өзіндік құны мен кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Қазір облыста 4 кооператив тек осы бағытта еңбектеніп жатыр. 2018 жылы тағы осындай екі жоба қолға алынбақ.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан, Руслан Ахатіллә

ШҚО-да 1 миллионнан астам қарағай отырғызылды

Дереккөз: www.24.kz

458faaa9ab52e59e4e9df15416983f2f_l

Еліміздің шығысына 1 миллионнан астам қарағай көшеті отырғызылды.

Бұл – орманды алқаптарды қалпына келтіру және көбейту бойынша Қазақстан Үкіметі мен Дүниежүзілік банктің бірлескен жобасының алғашқы нәтижесі. Бұдан бірнеше жыл бұрын «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватының аумағында арнайы кешен құрылысы басталып, былтыр пайдалануға берілген еді. Мұнда бүршіктен тұқым алу, оны жылыжайда арнайы баппен өсіру, жас өскіндерді көшеттерге айналдыру сияқты жұмыстар атқарылады. Барлық үрдіс швед технологиясы бойынша автоматтандырылған. Болашақта осы жердегі өскіндерді тек Ертіс бойына ғана емес, күллі Қазақстан аумағына отырғызу жоспарланып отыр.

Марлен Айнабеков, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының м.а.:

– Негізгі шығарылымдылығы 5 миллион болуы керек, бүгінгі күнге бұлар 1 миллион 100 мың шығарып жатыр. Осыны толық қуатына шығарып, әрі қарай дамытып, ғылыми түрде жүргізуді міндет етіп алып отырмыз.

EXPO: Ұлыбритания павильоны қазақтың ұлттық нақышымен әрленеді

Дереккөз: www.24.kz

4b7e67cef0a06e369670c0479e4cc2ee_l

Ұлыбритания да EXPO-2017 көрмесіне соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр.

Британиялықтардың павильоны халықаралық шарада ең көлемділердің бірі болмақ әрі қазақтың ұлттық нақышымен әрленеді.

Әлемнің ең мықты сәулетші-дизайнерлерінің бірі Асиф Хан бүгін көсіле сөйледі. Бұған дейін ол және оның әріптестері төл өнімдері туралы тіс жарған емес. Ханның айтуынша, британиялық павильон 2 мыңнан астам шаршы аумақты алып жатыр. Тақырыбы – «Біз – энергиямыз». Дизайнер павильонды киіз үй пішінінде ойластырғанын айтады. Киелі шаңырақ астында келушілер Ұлыбританияның ғылыми жетістіктерін көретін болады.

Асиф Хан, Ұлыбритания павильонының бас дизайнері:

– Қазақ киіз үйі – мен үшін энергия тиімділігін арттырудың және қоршаған орта үшін оңтайландырудың белгісі. Киіз үй өте ыңғайлы, жеңіл және икемді. Ол әлеуметтік өмірді, отбасылық тұрмысты бейнелейді. Бұл архитектура тұрғысынан өте маңызды мәселе екенін болашақта да ұмытпауымыз керек.

Композитор Брайан Эно павильонның негізгі тақырыпқа сәйкес әсерлі шығарма жазды. Ол өз туындысы арқылы келушілерге шабыттандырмақ. Эдинбург университетінің профессоры, астрофизик Кэтрин Хейманс болса, павильонның ғылыми мазмұнына мән берген. EXPO-2017 көрмесіне ресми өкілдерден лондондық ситидің лорд-әкімі және Халықаралық сауда жөніндегі министр қатысады. Британиялықтар EXPO-2017 олар үшін ең озық технологиялары мен инновациялық жетістіктерін әлемге паш етудің үлкен мүмкіндігі екендігін жасырмайды.

Сара Эверет, Ұлыбритания павильоны комиссарының орынбасары:

– Біз EXPO-ның негізгі тақырыбы бойынша энергетиканың салаларына бағытталған әртүрлі шаралар ұйымдастырамыз. Мұнай және газ, тау-кен өндіру бағытында Қазақстанның энергетикалық секторында жұмыс істеп жатқан көптеген компаниямыз бар.

Осылайша көрме Ұлыбританияға Қазақстанмен және басқа да қатысушы елдермен іскерлік қарым-қатынас орнатудың мүмкіндігін туғызады.

Айта кету керек, Ұлыбританияны «жасыл» энергия саласында әлемге әйгілі технологиялық көшбасшы әрі жаңалық жаршысы деуге болады. Сондай-ақ бұл мемлекет 166 жыл бұрын ең алғашқы көрмені өткізіп тарихта қалды.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

«ҚазАгро» 9 кооперативті қаржыландырды

Дереккөз: www.24.kz

33e46abd43ebf0dc38aea9dc01d7cbd7_l

Көктемгі егіс жұмыстары қарқынды жүруде. Шаруалар үшін барлық жағдай жасалған. Әсіресе ауылшаруашылық өндіріс кооперативтерінің құрамына енгендерге жеңілдік бар. Солардың бірін «ҚазАгро» Ұлттық холдингі ұсынған.

«Даниловка и К» ЖШС – Ақмола облысындағы ауылшаруашылық өндіріс кооперативтерінің құрамына енген шаруа қожалығының бірі. Бұланды ауданының Алакөл ауылында дәнді, май, бұршақ тұқымдас және жемшөп дақылдарын егеді. «ҚазАгро» ұлттық холдингінің желісі бойынша төменгі пайызбен 3 млрд теңге көлемінде несие алды.

Айбат Есентұров, «Даниловка и К» ЖШС директоры:

-6 мыңы бидай, 2 мыңы льон, одан кейін чечевица, арпа себеміз. Биыл соя деген өсімдік егіп жатырмыз.

9 мың гектардан астам егістік алқабынан алынған түрлі өнімді Үндістан мен Қытайға экспорттауды көздейді. Жыл басынан бері көктемгі егіс пен өнімді жинау жұмыстары үшін 2 мыңға жуық ауылшаруашылық тауар өндіруші жеңілдетілген несие алуға мүдделі.

Бану Ерғалиева, «ҚазАгро» Ұлттық холдингінің басқарушы қаржы директоры:

-Егістік жұмыстары аймағында біз 9 кооперативті қаржыландырдық. Пайыз мөлшері фермерлік қожалық үшін 6 пайыздан аспайды.

Бюджеттік несие қаражаты есебінен көктемгі жұмыстарға «ҚазАгро» банктер арқылы бес облыстың 9 кооперативін 9,6 млрд теңгеге қаржыландырды. Олар 182 ауылшаруашылық тауар өндірушілерін біріктіреді.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика