Жаңалықтар | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Қостанайлық диқандар егіс науқанын 1 маусымға дейін толық аяқтамақ

Дереккөз: www.24.kz

36fe32e93fa7513db4623b54b6e7aceb_l

Астықты аймақ Қостанайда егіс науқаны бел ортадан ауды.

Қазіргі таңда жоспарланған 4 млн 700 мың гектар алқаптың 60%-дан астамына тұқым себілген. Әсіресе облыстың оңтүстігі, Арқалық өңірінде қарқын жоғары.

Арқалық өңірінде биыл 277 500 гектар алқапқа дән сіңірілмек. Соның 43 мыңы Таңат Естайлақов жұмыс істейтін шаруашылыққа тиесілі. Қуатты, заманауи техникамен жарақтанған механизаторлардың машақаты азайған.

Өңір диқандары егіс жұмыстарын сәл кешігіп бастаған-ды. Әйтсе де еңбек өнімділігі қарқынды.

Таңат Естайлақов, механизатор:

– Тұқымның нормасын компьютерге енгіземіз. Күніне 120 гектар шығарады.

Қазір Арқалық бойынша күндік меже – 18 мың гектар. Бұл көлемді олар еркін еңсеріп келеді. Танаптарды өңдеу, күтіп-баптау жұмыстарын уақтылы жүргізіп үйренген диқандар мол өнімнен үмітті.

Ғалымбек Нұрлыбеков, Арқалық қалалық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы:

– Былтырғымен салыстырғанда биыл ылғал көлемі де көп. Былтыр орта есеппен алғанда гектарына 9,5 центнерден алдық, биыл 12 центнерден аламыз деп ойлап отырмыз.

Өткен жылы егін алқаптарының төрттен бір бөлігі тат ауруына шалдығып, шаруалардың дені шығынға батқан болатын. Бұл келеңсіздік биыл да қайталанбасына кепіл жоқ. Сондықтан қостанайлық диқандар астық ауруының алдын алуға барынша тырысып жатыр.

Ғалым Ысқақов, бригадир:

– Егер жер ылғалды болмаса, ол қайтадан желмен ұшып, басқаларына зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан биыл 6 мың гектар жерді өңдеп қойдық.

Қазір облыста алқаптарды өңдеуге қажетті химикаттар жеткілікті. Және оның 50% ақысын мемлекет өз мойнына алып отыр. Егер ауа райы кедергі келтірмесе, диқандар егіс науқанын 1 маусымға дейін толық тәмамдамақ.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

Солтүстік Қазақстан облысында «Таза су айдыны» акциясы аяқталды

Дереккөз: www.24.kz

0c5aa45657824b9b103b07c4994906fd_l

Осы шара аясында мемлекетттік қызметкерлер, прокурорлар, экологтар, құтқарушылар мен студенттер бір ай бойы тыным таппай өзен-көлдердің маңын тазартумен келеді. Жиылған көпшілік таяуда арнасынан асқан Есіл өзенінің жағалауын қолға алды.

Мемлекеттік қызметкерлер кабинеттен, ал студенттер емтиханнан шығып, Есіл өзенінің жиегіне жиналды. Барлығы бірге жағаны күл-қоқыстан тазартып, қоршаған ортаны ретке келтірді.

Алмагүл Шәймерденова, Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

-Табиғатты тазарту, қорғау – ол біздің ең басты міндетіміз. Мен 4 жыл бойы осы акцияға қатысып жүрмін. Бөтелкелер, қоқыс, қағаз көп айналада.

Биыл Есіл өзені арнасынан асып, 9 шақырымға жайылды. Сондықтан қыс бойы қар астында жатқан қалдықтар су бетіне шығып, тұнығын лайлады. Сол үшін табиғат жанашырлары өзен жағасын қайықпен жүзіп жинады.

Жаслан Сәулембеков, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

-Қиындық туғызатыны судан алған кезде қоқыстың арасынан қамыс, шөптер бірге шығады. Катермен кірген кезде көп кедергі жасайды. Біз өзіміздің қолдағы құралдармен жинап шығардық.

Тазалық шарасына 70 шақты адам қатысты. Биыл олар күл-қоқысты сұрыптап жинап, қайта өңдеуге тапсырады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

-Таза су айдыны» – бір айлық акция. Өзен-көлдердің жағасы жиналып, қап-қап қоқыс шығарылды. Енді бұл басқаларға үлгі болса болды. Өйткені біреулер жинаса, екіншілері шашып, төгеді. Сондықтан тазалық өзімізден басталады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Дмитрий Рура

Шығыс Қазақстан облысында көктемгі егіс науқаны қарқынды жүріп жатыр

Дереккөз: www.24.kz 

2ff962f2acf23ee2a39c88a0393bf0dd_l

Биыл өңірде 1,5 миллион гектарға жуық алқаптан өнім алынатын болады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың гектарға артық.

Аймақта ылғалды сақтайтын арнайы технология қолданылып отыр. Бір ғана Зырян ауданында былтыр 387 млн теңгеге 50 егіс кешені сатып алынған. Енді жаңа технологияның арқасында өнім көлемі де артып отыр.

Нұржан Тоқсейітов, Зырян ауданының әкімі:

-Біздің шаруа қожалықтарымыз тыңайтқыштардың көлемін екі есеге көбейтіп алып, пайдаланып жатыр. Былтыр 3200 болғанда, биыл 6800-ге жеткізді. Агротехникалық методтарды дұрыс пайдаланып, жоғары өнім алуымыз керек.

Алматылық төтенше жағдай қызметі мен өрт сөндірушілер жаз маусымына дайындықты пысықтады

Дереккөз: www.24.kz

2438a371219a1f4ac27f9f11e1ca424e_l

Өрт қауіпсіздігі ережелерін ескермей, отты жағу талаптарына салғырт қараған азаматтар заң алдында жауап береді.

Биыл Алматыда тұрғындардың салғырттығынан қала мен қала аумағында 77 өрт шығу дерегі тіркелген. Сондықтан төтенше жағдай қызметі мен өрт сөндірушілер кезекті жаз маусымына дайындалып жатыр. Осындай мақсатта Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі аумағында «Алау-2017» оқу-жаттығу шарасы өтті.

Тау бөктерінде өрт шыққан жер әуеден бақылау арқылы анықталды. Бұл хабарды ести сала өрт сөндіру қызметі оқиға орнына дереу жетті. Шапшаң іс-қимылдың арқасында тілсіз жау тез өшірілді. Ал тұтанған шоқты жел ұшырып, кебу бұтақтар мен қурайларға тисе, жалын біраз аумақты шарпитын еді. Адам аяғы жетпейтін биіктегі отты өшіруге тек ұшақтың көмегі қажет.

Өрт сөндіру ісінде тікұшақтарды пайдаланудың маңызы зор. Екі жыл бұрын табиғи ұлттық паркте өрт шығып, ол тікұшақ көмегімен анықталған және дер кезінде өшірілген болатын.

Жалпы, бұл оқу-жаттығуға төтенше жағдай, өрт сөндіру, құтқару, медициналық көмек көрсету мекемелері мен коммуналдық қызметтен барлығы 120 адам қатысып, 20 арнайы техника тартылды. Жазда өрт шығу қаупі артады. Өйткені қала тұрғындары қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейді.

Айдос Нүсіпбаев, қалалық ТЖД Өрт қауіпсіздігі басқармасы басшысының орынбасары:

– Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көлемінде, ал заңды тұлғаларға 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал өрт салдарынан материалдық шығын немесе адам өлімі болса, ҚР Қылмыс кодексінің 292-бабына сәйкес жеке тұлға 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Табиғат саясында демалатындар алдымен өрт қауіпсіздігі ережелерін қаперде ұстап, санитарлық тазалықты да естен шығармауы керек.

Әрине, таудың саф ауасымен тыныстап, саясында демалғанға не жетсін.Бірақ демалысыңыз табиғатқа еш зиян келтірмеуі керек. Жыл сайын бір ғана өшірілмеген темекі тұқылынан бәленбай шаршы метр жер өртеніп, орманға орасан зор нұқсан келеді. Сондықтан шоғы өшірілмеген ошақты дер кезінде өшіру арқылы өрттің алдын алуға болады.

Авторлары: Алмас Саудақас, Сержан Жұмабаев

Ғалымдар: Қазақстандағы күн сәулесі мен жел энергиясының мүмкіндігі тұтас әлемді қамтуға жетеді

Дереккөз:  www.24.kz


b5c61f0b31b2f4ea4b9a4be42a9a699c_l

Қазақстанның табиғатында баламалы қуат көздері тұнып тұр.

Елімізде ми қайнатар ыстық та, күшті жел де бар. «Тіпті күн сәулесі мен жел энергиясының мүмкіндігі тұтас әлемді қамтуға жетеді», – дейді ғалымдар. Қазір әлем экологиялық таза баламалы қуат көздеріне инвестиция салып жатыр. Қазақстан да осы үрдістен қалыс қалмай, «жасыл» экономика бағдарламасын әзірледі. Бұл жоба бойынша 2020 жылы еліміздегі энергия көздерінің 3%-ы жел мен күннен қуат алуы керек. «Бұл жобаны жүзеге асыруды ауылдық елді мекендерден бастаған дұрыс», – дейді мамандар. Бүгін болашақтың энергиясына қатысты жиында сала ғалымдары мен экологтар өзара пікір алмасып, күн мен желдің мүмкіндігін саралады. Басқосуда табиғи қуат көздерін дамыту жөніндегі заң жобасын әзірлеу үшін қоғамдық жұмыс тобы құрылатыны айтылды. Сонымен қатар биылдан бастап ауылдық жерлердегі шаруашылықтарға күн сәулесінен қуат алатын құрылғыларды орнату мәселесі шешіле бастайды.

Азаматхан Әміртаев, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының президенті:

– Бізге осы жұмыстарды қолға алып, ауылдық жерлерге, фермерлерге пайдалануға мүмкіндік жасауымыз керек. Бұл – үлкен қоғамдық жұмыс. Жалпы халыққа жеткізуіміз керек. Бұл оларға қаншалықты тегін, қаншалықты автономды, қаншалықты олардың жұмысына көмектесетінін көрсетуіміз керек. Осыған байланысты БҰҰ даму бағдарламасының басшысы келіп отыр. Олар соңғы төрт жылда ауылды жерлерге көптеген грант берді. Енді сол бағдарламаны бірге көтерсек деп жатырмыз.

Назарбаев Университетінде түлектер аллеясы ашылды

Дереккөз: www.24.kz

538ca2862e3b9b98fa78431f7c3aa81d_l

Назарбаев Университетінде 2015, 2016 және биылғы жылдың түлектері бірлесіп ағаш отырғызды.

Сондай-ақ оқу ордасының алғашқы Phd (ПиЭйчДи) ғылым докторлары болашақ студенттерге өз аттары жазылған арнайы орындық сыйлады. Айта кету керек, биыл аталған білім ошағын 229 магистр, 9 Phd докторы тәмамдады.

Астанада өтетін EXPO көрмесіне Израильдің 15 компаниясы қатысады

Дереккөз: www.24.kz

cf43aa6c6dc60a3d9f547a567d9aeab9_l

«Астана ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне Израильден 15 компания қатысады.

Бәрі де жаңартылатын энергия көздерін пайдаланумен айналысады. Бұл туралы «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Израиль секциясының комиссары Элазар Коэн мәлімдеді. Бұл елде 200 компания жасыл технологияны дамытумен шұғылданатын болса, оның үштен бірі – стартап жобалар. Көрмеге келіп өз өнімдерін көрсететін компанияның бірі күн батареясынан алынатын электр тогын өңдегіш құрал жасайды. Бұл қондырғы жер үйлер мен шағын мекемелерге арналған.

Элазар Коэн, «ЭКСПО-2017» көрмесінің израильдік секциясының комиссары:

– Осыдан бірнеше жыл бұрын біз энергетикаға мұқтаж елдердің қатарында болатынбыз. IT-технологиялар мен стартап жобалардың арқасында қазір баламалы қуат көздерін пайдалануда алдыңғы қатардамыз. «ЭКСПО-2017» көрмесі әлем алдында осы уақытқа дейін баламалы энергетиканы пайдалану саласында қол жеткізген жетістіктерімізді көрсету алаңына айналады. Қазақстаннан да әріптестер тауып, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жұмыстарын бірлесе жүргізсек деген ойдамын.

Ал Димона қаласындағы бұл компания шөл даладағы өндіріс орнын күн қуатымен қамтамасыз етіп отыр. Олар күн энергиясы арқылы және қоқыс қалдықтарын жағып, суды қыздыру жолымен электр қуатын жинақтайды. Бұл тәсіл электр жарығы, ыстық және суық суға үздіксіз қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жинақтағышта өндірілген электр қуатын ұзақ мерзім сақтауға болады. Ірі өндіріс ошақтарын жарықпен қамтитын бұл компаниялар «ЭКСПО» барысында қазақстандық кәсіпорындармен әріптестік орнатуды көздейді. Енді бір айдан кейін басталатын ұлық шарада осындай жаңа технологиялар таныстырылады.

Елорда маңындағы жасыл аймақта құстардың жаңа түрі пайда болады

Дереккөз: www.24.kz

8f785b6b6e6d9a2b10ed0212fe5c0a33_l

Бұл үшін Астана іргесіндегі қанаттыларды баптайтын орын кеңейтілмек. Құс көбейтетін фазанарий құрылғалы бергі 7 жылда құсбегілер 7 мыңнан аса қырғауыл өсірді. Бұл орталықта құстар көбейтіліп қана қоймай, биологиялық зерттеулер де жасалады.

Жуық арада қырғауылдар түлейді. Құсбегі Сейдулла Абильдин өзі еңбек еткен 4 жыл ішінде қанатты құстардың дағдыларын әбден зерттеген. Құстар оны кез келген киімінде таниды. Ол құстарды күніне бірнеше рет жемдейді және жұмыртқаларын жинайды.

Сейдулла  Абильдин, құсбегі:

– Жұмыртқа табатын құстарға сүзбе, балық майы, күнбағыс майы, сүйек ұны, сәбіз, қырыққабат, қызылша қосылған арнайы жем береміз.

Бұл құс фермасы Елорда маңындағы жасыл аймақта осыдан 7 жыл бұрын құрылған болатын. Сол кезде мұнда 60 қырғауыл әкелінген болса, бүгінде құстың саны 8 мыңға жеткен. 7 мыңнан аса құсты еркіндікке жіберген. Қазір осы маңнан 100 шақырым жерден бақтан өсіп шыққан қырғауылдарды көруге болады.

Ардақ Хасенов, фазанарийдің бас агрономы:

– Қырғауылдарды көбейтудегі басты мақсат – Астана маңындағы жасыл аймақта тірі табиғат пен өлі табиғат ортасындағы тепе-теңдікті сақтап тұру. Сонымен қатар құстарды көбейту арқылы орманды құртатын зиянкестермен биологиялық күрес жүреді. Айта кету керек, осы күнде жасыл желек аймақты химиялық өңдеу көлемі 350 гектарға дейін азайды.

Жамбыл облысының бағбандары өнімдерін Ресей мен Қытайға экспорттамақ

Дереккөз: www.24.kz

2c59fbebf93948b5c2058a5514e3196e_l

Жамбыл облысында 2020 жылға қарай қарқынды алма бақтың аумағы 500 гектарға жетеді.

Қазір аймақ бағбандары бұл іске белсене кірісіп жатыр. Олар жұмысты жүргізу үшін мемлекет ұсынған жеңілдіктерді барынша пайдаланып отыр. Басым көпшілігі отбасыларымен кооперативке бірігіп, лизингке дайын бизнес құрып алған.

«Әулие-ата» ауыл шаруашылығы кооперативінің құрамына 10 отбасы біріккен. Олар 50 гектар бақты өзара бөліп жұмыс істеп отыр. Жоба «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында іске асырылды. Бағбандар 125 мың түп алма ағашын Сербиядан әкелген. Келер жылы гектарынан орта есеппен 40-50 тонна өнім алмақ.

Қазір ағаштарды агрономдар жіті бақылап отыр. Өсіп-өнгенше Польша, Сербия және украиналық мамандар басы-қасында жүреді. 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Қасымхан Қанаев, «Әулие-ата» кооперативінің мүшесі:

– 5 гектар бізге отбасымызға 67 миллионға айналды. Бұны 5-10 жыл ішінде лизинге алдық. 10 жыл ішінде төлеп бітіреміз. Осы 67 миллионның 40 пайызын қазір үкімет бізге субсидия ретінде қайтарып береді. Өте жақсы бизнес.

Бау тамшылатып суарылады. Ішіне сыйымдылығы 5 мың текше метрлік бассейн орнатылған. Судың бұл мөлшері бір аптаға жеткілікті. Ал, ағаштарды қолайсыз ауа райынан бұршаққа қарсы тор қорғайды. Қазір мұнда алманың 5 түрін өсіріп жатыр. Болашақта бұл жерден 2 мың тоннаға дейін жеміс сақтайтын қойма салынады. Өнімді Ресей мен Қытайға экспорттамақ. Өксікбай Оразымбетов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры»

АҚ ОФ директоры:

– Өткен жылы облыста жалпы алаңы 100 гектарға 2 жоба іске қосылған болатын. Биыл тағы 50 гектардан 2 жоба, 100 гектар аумақты алатын бақ іске қосылып жатыр. 2 жылдың ішінде бұл жұмыстарға 2,6 миллиард теңге қаржы бағытталды.

Егер кооперативке біріксе, мемлекет ерекше қамқорлық жасайтындығы жергілікті бағбандардың ертеңгі күнге деген сенімін арттырған. Сондықтан ұжым болып жұмыс істеп, кәсіпті жандандыруға күш салып жатыр. Оның үстіне кооператив тиімділігі өнімнің өзіндік құны мен кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Қазір облыста 4 кооператив тек осы бағытта еңбектеніп жатыр. 2018 жылы тағы осындай екі жоба қолға алынбақ.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан, Руслан Ахатіллә

ШҚО-да 1 миллионнан астам қарағай отырғызылды

Дереккөз: www.24.kz

458faaa9ab52e59e4e9df15416983f2f_l

Еліміздің шығысына 1 миллионнан астам қарағай көшеті отырғызылды.

Бұл – орманды алқаптарды қалпына келтіру және көбейту бойынша Қазақстан Үкіметі мен Дүниежүзілік банктің бірлескен жобасының алғашқы нәтижесі. Бұдан бірнеше жыл бұрын «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватының аумағында арнайы кешен құрылысы басталып, былтыр пайдалануға берілген еді. Мұнда бүршіктен тұқым алу, оны жылыжайда арнайы баппен өсіру, жас өскіндерді көшеттерге айналдыру сияқты жұмыстар атқарылады. Барлық үрдіс швед технологиясы бойынша автоматтандырылған. Болашақта осы жердегі өскіндерді тек Ертіс бойына ғана емес, күллі Қазақстан аумағына отырғызу жоспарланып отыр.

Марлен Айнабеков, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының м.а.:

– Негізгі шығарылымдылығы 5 миллион болуы керек, бүгінгі күнге бұлар 1 миллион 100 мың шығарып жатыр. Осыны толық қуатына шығарып, әрі қарай дамытып, ғылыми түрде жүргізуді міндет етіп алып отырмыз.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика