ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитеті жанындағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы Кеңестің 5-ші отырысы туралы | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитеті жанындағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы Кеңестің 5-ші отырысы туралы

2014 жылдың 15 – 16 мамыр күндері Сочи қаласында (Ресей Федерациясы) ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитеті жанындағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы Кеңестің 5-ші отырысы өткізілді.

Отырыс жұмысына Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан өкілдері қатысты.

15 мамырда отырыс аясында сарапшылар деңгейіндегі кеңес өткізіліп, бірқатар құжат келісілді.

16 мамыр күні өткен жоғары деңгейлі отырысқа Кеңес төрағасы – РФ табиғи ресурстар және экология министрі Сергей Донской, Беларусь Республикасының табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрі Владимир Цалко, Қазақстан Республикасының қоршаған орта және су ресурстары Вице-министрі Ерлан Нысанбаев,  Қарғыз Республикасының Үкіметі жанындағы мемлекеттік қоршаған ортаны қорғау және орман шаруашылығы агенттігінің директоры Сабир Атаджанов, Тәжікстан Республикасының ЕурАзЭҚ-тағы тұрақты өкілі Файзулло Холбобоев қатысты.

Кеңес мүшелері ЕурАзЭҚ мүше мемлекеттердің қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастығы жөніндегі Келісім жобасын мақұлдады. Келісім жобасында ЕурАзЭҚ-тың әуе атмосферасын қорғау саласындағы үйлестіруші техникалық орталықты – Еуразиялық  әуе атмосферасын қорғау ғылыми-зерттеу институтын құру көзделген. Бұл бастаманы іске асыру үшін сарапшылардан жұмыс тобы құрылмақ.

Институт аймақтағы елдердің әуе атмосферасын қорғау саласын реттейтін заңнамаларын үйлестіріп, осы саладағы халықаралық келісімдерге қосылудың «жол карталарын» әзірлеумен айналысады. Сонымен қатар бұл орталық атмосфераға ластаушы заттар шығарындылары туралы электрондық мәліметтер базасын жүргізеді, ұлттық атмосфераның ластануын бақылау жүйелерінің дамуына, сала мамандарының біліктілігін жоғарылатуға қолғабыс етеді.

Сарапшылық жұмыс тобының мамандары ЕурАзЭҚ елдері аумағында атмосфераға ластаушы заттар  шығарындылары көлемдерін есептеу тәсілдемелерін ендіру мен реестрларды жүргізу ережелерін әзірлейді. ЕурАзЭҚ мүше мемлекеттерге трансшекаралық мониторингтің бірыңғай жүйесінің негізін қалауға мүмкіндік беретін осы құжатқа сүйеніп жұмыс жасау ұсынылмақ.

Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар Кеңестің 2014-2015 жылдарға арналған жұмыс жоспарын бекітті.  Ондағы өзара әрекеттесу бағыттарының бірі – ЕурАзЭҚ-тың «Инновациялық биотехнологиялар» мемлекетаралық мақсатты бағдарламасы болмақ.

Отырыс аясында Қазақстан Республикасының қоршаған орта және су ресурстары Вице-министрі Ерлан Нысанбаев РФ табиғи ресурстар және экология министрі Сергей Донскоймен кездесті.  Олар екі ел арасында қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Тараптар биылғы сәуірде өткен келісу кеңесінің отырысы барысында Қазақстан және Ресей Үкіметтерінің арасындағы трансшекаралық Орал өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі келісім жобасы бойынша мәмілеге келгендіктеріне қанағаттанушылық білдірді.

Келісім бойынша өзенге тасталатын зиянды заттар көлемін азайту, экологиялық мониторинг жүйесін дамыту, өзен түбін тазалау, сондай-ақ, екі ел аумақтарындағы Орал өзені бассейнінде ерекше қорғалатын табиғи территориялардың бірыңғай желісін құру шаралары қарастырылмақ.

ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметі

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика