ҚазАқпарат – Қазақстанда еріген қар суын жинайтын 30 су қоймасы салынады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен конференцияда ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Болат Бекнияз айтты.
Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарлама аясында жасалып жатқан бұл шара “бір оқпен екі қоянды атып алғанмен” бірдей, бір жағынан халықты тасқын судың зардабынан құтқарса, екінші жағынан өңірдегі егістікті жазда суаратын сумен қамтамасыз етеді.
«Мемлекет қарауындағы су қоймалары бар өңірлерде төтенше жағдайлар орын алмады деуге де болады. Өйткені біз ол суды су қоймалары арқылы реттеп отырамыз. Ал ондай құрылыстар жоқ жерде табиғатқа байланысты болады. Мәселен Жайық өзенінде су қоймалары өте аз, сондықтан көктем кезінде біз оның тасуын ауыздықтай алмаймыз. Оның ернеуінен асқан су тіпті көрші мемлекетке ағып кетеді деуге де болады. Неге бізге осы суды Қазақстан жерінде жинап алып, сосын өз пайдамызға жаратпасқа», – дейді Б. Бекнияз.
Төраға орынбасарының айтуынша, бүгінде осындай құрылыс нысандарын салуға қолайлы жерлер таңдалып қойған.
«Біз барлық облыстармен келісіп, өңірлерді аралап, су қоймаларын салуға болатын жерлерді араладық. Соның нәтижесінде Қазақстанның әр өңірінде 30 шақты жаңа су қоймасын салуға болатынына көз жеткіздік», – деді Болат Бекнияз.
Оның айтуынша, су қоймаларын салуға олардың көлеміне байланысты 1 млрд. теңгеден бастап одан жоғары көлемде қаражат кетеді.