Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесі – дүниежүзі елдеріне үлгі | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесі – дүниежүзі елдеріне үлгі

Қазақстан Орта Азия аймағының жетекші елі ретінде өңірде тұрақтылықтың кепіліне айналды.

Ал оның ұлтаралық татулық пен жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесі дүниежүзі елдеріне үлгі болып табылады. Сондықтан қазақ елі Қауіпсіздік кеңестің бірден-бір мүшесі болуға әбден лайық. Ыстамбұлда өткен алқалы отырыста Түркияның белгілі саясаткерлері мен стратегиялық зерттеу орталықтарының сарапшылары пікірлерін айтып, еліміздің бастамасына қолдау білдірді.

Аймақтық және халықаралық маңызы зор іргелі ұйымдардың тізгінін ұстап, төрағалық міндеттерін табысты атқарған Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуға талпынып отыр. Бұл – қазақ елі үшін жауапкершілігі зор стратегиялық бағыт. Ал оның мәніне тоқталған Елбасы: «Қазақстан Орталық Еуразиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың діңгегі болуға, бейбітшілікті орнықтыруда және халықтар арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуде сенімді әріптес болуға ұмтылады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуға талпынудың негізінде де дәл осы мақсат жатыр», – деген еді. Алқалы отырыста сөз алған сарапшы-мамандар Қазақстан көтеріп отырған бастамаларды кеңінен талдап, оларды өміршең әрі күн тәртібінде өзекті екендігін тілге тиек етті.

Ілияс Топсақал, Ыстамбұл университетінің профессоры:

– БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелігіне ұмтылу – Қазақстан сияқты дамушы ел үшін батыл қадам. Өйткені ол мәртебелі орынға бәсеке жоғары. Дегенмен халықаралық қауымдастықта Қазақстанның беделін үстем ететін артықшылықтары жетерлік. Мен түркі тілдес елдердің ықпалдастығына қосқан үлесін ерекше бағалаймын. Өйткені қазақ елінің тікелей бастамасымен Түркі кеңесі, одан қалды мәдени мұраларамызды зерттеп, зерделейтін Түркі академиясы сынды іргелі ұйымдар құрылды. Яғни таңдау жасар алдында бұл бағыттағы Қазақстанның қыруар еңбегі, мол тәжірибесі, ғаламдық мәселелерді шешу бойынша ұсынып отырған маңызды бастамалары ескеріледі деп ойлаймын.

Жиында сондай-ақ Қазақстанның ядролық қарудан азат әлем үшін күресте қосқан үлесі мен көшбасшы рөлі де сөз болды. Бұл ретте сарапшылар, мемлекеттер арасында алауыздық өршіген тұста Елбасының БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясының жалпы пікірсайысында айтқан ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларация қабылдау туралы ұсынысы уақытылы көтерілді дейді.

Өмер Өзкая, саяси сарапшы:

– Қазақстан – Түркияның Еуразия аймағындағы стратегиялық маңызы зор әріптесі. Сол себепті Түркия бауырлас елдің бұл бастамасын қолдайтынын білдірді. Егер Қазақстан ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланып жатса, кеңестің жұмысы жандана түсетін еді. Ал ең бастысы қазақ елі халықаралық ұйым шеңберінде ядролық қаруды таратпау, терроризмге қарсы күрестің бірыңғай әлемдік жүйесін құру сынды жаһандық мәселелердің тиімді шешілуіне өлшеусіз үлес қоспақ. Бұл бастамалар адамзат үшін өте маңызды.

Қауіпсіздік Кеңес 15 мемлекеттен тұрады. Олардың бесеуі тұрақты. Ал қалған он мүшесі БҰҰ Бас Ассамблеясы арқылы екі жылда бір сайланып отырады. Еліміз бұл мәртебелі орыннан көріну үшін ұйымға мүше 193 мемлекеттің кем дегенде 129-ының сеніміне ие болуы керек. Қорытынды шешім биыл БҰҰ Бас Ассамблеясының 71-сессиясында белгілі болады.

Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли
Дерексөз: 24.kz

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика