Давос-2016: Дүниежүзілік экономикалық форумның қорытындылары | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Давос-2016: Дүниежүзілік экономикалық форумның қорытындылары

Швейцарияның Давос қаласында Дүниежүзілік экономикалық форумның 46-сессиясы өз мәресіне жетті.

Кеңеске 2,5 мың адам қатысқан. Соның ішінде 40-тан астам елдің басшылары да бар. Форумның басты тақырыбы өнеркәсіптік революция болғанына қарамастан, қатысушылар өзге де өзекті мәселелерді назарсыз қалдырмады.

Давос тау-шаңғы шипажайында жылына бір рет экономистер бас қосады. Бұл жолы саясаткерлер, ғалымдар мен кәсіпкерлер төртінші өнеркәсіптік революцияны талқылауға жиылған болатын. Алайда жаһандық проблемалар аясында жаңа технологиялар мәселесін ысырып қоюға тура келді.

Карлос Моедас, Еуроодақтың зерттеулер, ғылым және инновациялар жөніндегі комиссары:

– Ғылым дамымайынша, ешқандай бастама алға баспайды. Даму болмайды. Өкінішке орай, мұны әлемдік саясаткерлердің барлығы бірдей түсіне бермейді.

Қазір саясаткерлер мигранттарға қатысты туындаған ахуалдың шешімін табумен бас қатырып жүр.

Осы ретте Норвегия, Швеция және Австрия билігі шекарасын шегендеп жатса, Германия сириялық босқындарды құшақ жая қарсы алуда.

Йоахим Гаук, Германияның федералдық президенті:

– Сырттан немістер эмоцияға көп берілетін, аңқау халық болып көрінуі мүмкін. Алайда біз үшін болып жатқан оқиғалардың маңызы зор. Еліміздегі қарт адамдар үшін босқындарды қабылдау ксенофобия мен нәсілшілдікке қарсы тұрумен бірдей.

Моральдік тұрғыдан бөлек Германия бұл мәселенің материалдық жағын да қарастырып отыр. Өйткені мыңдаған мигранттың болашақта мыңдаған жұмыс күшіне айналуы да ғажап емес. Ең бастысы, біріктіру процесі сәтті өтуі тиіс.

Кристин Лагард, ХВҚ директоры:

– Егер босқындардың интеграция үдерісі дұрыс ұйымдастырылса, жуық арада жағдай өзгеріп шығуы мүмкін. Еуроаймақ үшін жалпы ішкі өнім 0,2 пайыздан, ал Германия мен Швеция үшін бұл көрсеткіш 0,5 пайыздан артуы мүмкін деп топшылап отырмыз.

Давостағы 4 күндік форум аясында экономикалық дағдарыстан бастап, климаттың өзгеруі секілді барлық жаһандық проблема талқыланды. Жеке бір сессия Ресейге қатысты болжамдарға арналған.

Юрий Трутнев, РФ Үкіметі төрағасының орынбасары:

– Батыспен қарым-қатынасымыздың жақсаруына қос стандарттардың жойылуы өз септігін тигізуі тиіс. Меніңше, осы кезде біз бір-бірімізді түсіне бастайтын шығармыз.

Қытайға келетін болсақ, әлемдік дағдарыс оның экономикасына әсер етпей қоймады. Осы уақытқа дейін оны «әлемнің ең басты үміті» атап келген. Алайда аспан асты елінің жалпы ішкі өнімінің өсу қарқыны 1990 жылдардың деңгейіне дейін бір-ақ төмендеді. Соған қарамастан, Давос сарапшылары алаңдауға еш негіз жоқ деп отыр.

Харухико Курода, Жапония банкінің басшысы:

– Меніңше, Қытай экономикасының дамуы күрт баяуламайды. Аспан асты еліндегі жағдайды қайта құру үдерісі деп бағалауға болады.

Швейцариядағы форумда мұнай бағасының төмендеуі тақырыбы назардан тыс қалмады. Делегаттар нақты сандар айтудан бас тартты. Дегенмен биылғы жылдың екінші жартысында жағдай күрт өзгеріп, қара алтын құны қайта өсуі мүмкін деген болжамдар айтылды. Олар сондай-ақ «Өнеркәсіптік революция» форумына өзге елдер де қосылса, мұнайға тәуелділік мүлде байқалмай қалуы мүмкін деген пікір де білдірді.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Артем Истомин

Дерексөз: 24.kz

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика