Тәуелсіздік сарайында ЕХРО-2017 көрмесіне қатысуға ниет білдірген елдерден келген делегаттардың қатысуымен алқалы жиын басталды.
Бұл – олардың екінші басқосуы. Олар көрме өтетін қалашықтағы павильонды аралап, тиесілі аумақтарын белгілеуі тиіс. Тәуелсіздік сарайындағы алқалы жиында 100-ге жуық мемлекеттің арнайы делегаттары жиналды. ЕХРО-2017 халықаралық қатысушыларының екінші жиынында алдағы ауқымды шараға қатысты маңызды мәселелер талқыланбақ.
Елордада өтетін халықаралық көрмеге қатысушыларды тіркеу осыдан екі жыл бұрын басталған еді. Содан бері ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, ЕХРО-2017 көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев әлемдегі 100-ге тарта мемлекеттің өкілдерімен кездесіп, оларға арнайы шақырту ұсынды. Нәтижесінде 75 ел бас қаламызда өтетін әлемдік шараға қатысатынын ресми түрде растап үлгерген болатын.
Алдағы уақытта қатысушылар санын 100-ге жеткізу көзделіп отыр. Бүгінге дейін 55 комиссар тағайындалып, 27 келісімшарт жасалған. Ал осы жиын барысында ұйымдастырушылар мен жер жаһаннан келген 250-ден астам делегат алдын ала келісімдер жасасып, көрмеге қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасаудың тиімді жолдарын қарастырып жатыр. Сондай-ақ қонақтар көрме қалашығындағы павильонды аралап, тиесілі аумақтарын белгілеуі тиіс. Айта кетейік, павильон аумағы әр мемлекетке тиесілі мөлшерде бөлінеді.
Источник: http://24.kz/kz/zha-aly-tar/basty-zha-aly-tar/item/107738-ekhro-2017-k-rmesine